Бас мүфти «Әзірет Сұлтан» мешітінде уағыз айтты
Бүгін ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы елордадағы «Әзірет Сұлтан» мешітінде жамағатқа жұма уағызын айтты.
«Діннің қоғамға ізгі әсері мен тәрбиесі» тақырыбында уағыз айтқан Бас мүфти: «Ислам – қоғамдық негізге құрылған дін. Дін жекелеген жанға иман байлығы мен жақсы қасиеттер дарытумен қатар күллі адамзат өмір сүретін қоғамға өркениетті жол көрсетіп, ғылым-білімге, ізгілікке, адамгершілік пен тақуалыққа шақырады. Алла Тағала қасиетті Құранның «Хұжұрат» сүресінде: «Уа, адам баласы! Шүбәсіз сендерді бір ер, бір әйелден жараттық. Сондай-ақ бір-біріңді тануларың үшін сендерді түрлі ұлттар мен руларға бөлдік. Шынында Алланың қасында ең ардақтыларың тақуаларың. Шәксіз Алла толық білуші, әр нәрседен хабар алушы» деп айтқан.
Қасиетті Құранда Алла Тағаланың бұйрықтары көбіне жеке адамға емес, көпшілікке бұйырылған. Мысалы, «Намаз оқыңдар және зекет беріңдер» деп көпше түрде айтылған. Өйткені көпшілікпен, қоғаммен бірге атқарылған істің сауабы да, берекесі де мол болмақ. Халқымызда: «Жалғыздық Құдайға ғана жарасқан», «Көппен көрген ұлы той» деген нақыл сөздер осы мағынада айтылса керек» деді.
ҚМДБ Төрағасы жұма намазынан кейін мешіт жамағатымен бірге ел амандығы мен тыныштығы үшін дұға жасады.