Маңғыстауда әкелер күніне арналған форум өтті
«Ислам және ізгі қоғам» жылы аясында 18 маусым – әкелер күніне орай Маңғыстау облыстық орталық «Бекет ата» мешітінің ұйымдастыруымен форум өтті.
Қоғам мен жанұяның өзара байланысын нығайту, отбасы құндылықтарын насихаттау, сенім мен сыйластыққа негізделген қарым-қатынас қалыптастыру, ұрпақ тәрбиесіндегі әке рөлі мен оның маңызын, беделін айқындауды мақсат еткен іс-шараға Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Ұлықбек Серікұлы, Маңғыстау облысының бас имамы Әнуар қажы Ізімбайұлы, Қажылар қауымдастығының Маңғыстау филиалының төрағасы Қуанышбек қажы Спанұлы мен аймаққа белгілі қоғам белсенділері қатысып, мың мектепке татитын əке тəрбиесі, оның бойындағы ірілік пен кісілік қасиеттер жөнінде ой қозғады.
«Биыл Үкімет қаулысына сәйкес 31 мамыр әкелер күні атап өтіледі. Айтулы мереке өзге мемлекеттерде 100 жылдан аса уақыт тойланып келеді. Бұның барлығы отбасыдағы әкенің рөлін айқындау, маңыздылығын көрсету. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық құрылтайда бүгінгі күннің бүлдіршіндерін интернет тәрбиелеп жатыр деп тілге тиек етті. Ал, ұрпақты тәрбиелеу кезінде әкенің ақылы, ананың жылулығы аса маңызды екені баршаға мәлім. Осындай аталған мерекелер әкеге жауапкершілік сыйлап, ел болашағынан үміт күтер жасөспірімдердің алдындағы әкелік парызын адал өтеуге шақыратынына сенімім мол», — деді Ұлықбек Серікұлы.
Өз кезегінде облыс бас имамы Әнуар қажы Ізімбайұлы әке тәрбиесінің маңыздылығы туралы айта келе:
«Бала тәрбиесінде әкелердің уақыты, әкелердің тәрбиесі жетпей жатқандығын қоғамдағы аналарымыздың үнінен байқап жатырмыз. Бұл форумның мақсаты да, сол әкелерге ой салып, дәстүрлі дінімізбен сабақтастыра отырып, тәрбие негізіне тоқталу. Сондай-ақ, ердің отбасындағы міндеттерінің бастысы – әйелімен жақсы қарым-қатынаста болуы. Әйелімен күлімдеп, жылы шыраймен сөйлесіп жүретін жанұяда бала-шаға да мейірімге толы болып өседі. Әкенің мерейі үстем болып, баланың әкеге деген құрметі артады», — деді.
Форум соңында Н. Жантөрин драма театрының әртістері әке туралы ән шырқап, жиын спикерлеріне марапат табысталды.