«Ізгі қоғам өзіңді өзгертуден басталады» атты семинар өтті
Бүгін Ақтау қаласындағы Достық үйінде Маңғыстау облысының дін қызметкерлеріне арналған «Ізгі қоғам өзіңді өзгертуден басталады» атты семинар өтті.
Танымдық шараға ҚМДБ Төраға орынбасары, наиб мүфти Ершат Ағыбайұлы, Маңғыстау облысының бас имамы Әнуар қажы Ізімбайұлы, Ақтау, Жаңөзен қалалары және Бейнеу, Қарақия, Маңғыстау, Мұнайлы, Түпқараған аудандарына қарасты мешіттердің имамдары қатысты.
Семинар барысында Ершат Ағыбайұлы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы биылғы 2023 жылды «Ислам және ізгі қоғам» жылы деп жариялағанын еске салып, елді ізгі мақсат-мұратқа бастамас бұрын, өз бойымызда рухани — адамгершілік қасиеттерді ұялатудың қажеттілігін айтып өтті.
«Имамдық – өте үлкен жауапкершілікті қажет етеді. Осыған орай, ақ шапан мен қасиетті ақ сәлдемізге кір келтірмей, қоғамды ізгілікте бастауда имамдардың рөлі ерекше екенін үнемі есімізде сақтайық. Халқымыздың дін адамына деген құрметін жоғалтпайық», деді наиб мүфти.