Сыр өңірінде «Исламдағы сопылық ілімі: мәні мен маңызы» атты республикалық ғылыми-танымдық конференция өтті
Бүгін Қызылорда қаласында ҚМДБ облыстық өкілдіктің ұйымдастыруымен «Исламдағы сопылық ілімі: мәні мен маңызы» атты республикалық ғылыми-танымдық конференция өтті.
Іс-шара қасиетті Құран оқумен басталып, кейін Діни басқарманың атқарған жұмысын көрсеткен бейнесюжет тарту етілді. Айтулы конференцияға ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы, Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Нұрымбет Сақтағанов, Шәмшәдин Керім, Досай Кенжетай сынды ғалымдар қатысып тұщымды ойларын ортаға салды. Ең алдымен кіріспе сөз алған Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы сопылық ілімінің сырына тоқталып, мәнін ашса, конференцияда баяндама жасаған ҚМДБ Ғұламалар кеңесінің мүшесі Шәмшәдин Керім ишандық мектептің тарихы, кеңестік кезеңдегі мектептің жоғалуына тоқталды. Сонымен қатар Талғат Жолдасұлы Кеңестік кезеңдегі сопылық, Батыржан Мансұров «Сопылық – тәрбие мектебі», Досай Кенжетай Ясауи ілімін айтса, Бағдат Кәрібозов сопылық мектепті жаңғырту тақырыбында дайындалған тың деректерімен бөлісті.