Ақтау қалалық «Бекет ата» мешіті Қадір түнін қарсы алды
Қадір түнінің құрметіне Ақтау қалалық «Бекет ата» мешітінде арнайы шара ұйымдастырылды.
Қадірлі түннің құрметіне Ақтау қалалық Бекет ата мешітінде төрт киіз үй тігіліп, ауызашар дастарқаны жасалды.
«Рамазан айы да соңғы күндерге жалғасып, Қадір түніне келіп жетті. Бүгін міне киіз үйлер тігіліп, мешіт жамағатына ауызашар ұйымдастырылды. Облыстық мүгедектер қоғамы мен зағиптар қоғамының өкілдерін шақырып, ауызашар дәмін ұсындық. Көпшілікке асыл дініміз туралы уағыз айтылып, ораза айында ауыз бекітіп, жамағатпен тұрақты тарауық намазын оқып жүрген ақсақалдарға құрмет көрсетілді», деді Құрманбек Лашкарбекұлы.
Түндердің ең қасиеттісі саналатын Қадір түнінің қадір-қасиеті күн санап артпаса, кемімек емес. Бұл түнді құлшылықпен өткізген мұсылман баласы мол сауапқа кенеледі.
«Бүгін Ақтау қалалық «Бекет ата» мешітіне келіп, ауызашарға қатыстық. Мешіт қызметкерлері құрмет көрсетіп, имамдар уағыз айтты. Қадір түнінде Алла Тағала ешбір пенденің ізгі тілектері мен дұғаларын қайтармайды. Ақтау мешітінің қызметкерлеріне көрсеткен сый-құрметтері үшін ризашылығымды білдіремін», деді Ақтау қаласының тұрғыны Күләнда Айжарықова.
«Алла Тағала отыз күн оразамызды, оқыған дұға-тілектерімізді және әрбір ізгі амалымызды қабыл еткей! Осы айда мол сауапқа кенеліп, екі дүниенің бақытына бөленуді жазғай», деді Маңғыстау облыстық мүгедектер қоғамының төрайымы Бибігүл Сұлтанқызы.
Рухани кеш аясында имамдар жамағатқа уағыз-насихат жүргізіп, сұрақ-жауап ойындарын өткізді. 1 ай бойы мешітте ауыз ашып, тарауық намазына қатысып, уағыз тыңдаған ақсақалдарға құрмет көрсетілді.
Мешіттің бас имамы Құрманбек Лашкарбекұлы әр ақсақалдың иығына шапан жауып, Құран кітабы мен «Рамазан қоржынын» сыйға тартты. Сондай-ақ, ай бойы тарауық намазын өткізген қари Қарыапыз Абдулахадұлы және жасы ең үлкен ақсақал Абдулахад Қожамқұлұлына кіші қажылыққа жолдама берілді.