blog Images

«Мектепке жол»акциясы: «Шаңырақ»мешітінде 60 балаға оқу құралдары берілді

  ҚМДБ «Зекет және қайырымдылық»қорының ұйымдастыруымен  Жаңаөзен қалалық «Шаңырақ» мешітінде жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын «Мектепке жол» республикалық қайырымдылық акциясы аясында игі шара өтті.

Акцияның негізгі мақсаты – жаңа оқу жылына дайындық барысында әлеуметтік қолдауды қажет ететін отбасыларға жәрдемдесіп, балаларға қажетті оқу құралдары мен киім-кешектерін алып беру арқылы ізгілік пен қайырымдылықты насихаттау.

Іс-шара барысында Жаңаөзен қалалық мешітінің бас имамы Еркеғали Сағынбайұлы 60 балаға жаңа оқу жылына қажетті мектеп құрал-жабдықтары мен киім-кешектерді табыстады. Қайырымдылық көмегі мешіт жамағатындағы бауырлардың балаларына, қала тұрғындарына, сондай-ақ мешіт қызметкерлерінің балаларына көрсетілді.

Балаларға сыйлықтарын табыстаған бас имам Еркеғали Сағынбайұлы шәкірттерге жаңа оқу жылында білімге деген құштарлықтары артып, сабақтарын жақсы оқып, ата-аналары мен ұстаздарының үмітін ақтауға тілектестігін білдірді. Сонымен қатар, әрбір балаға жаңа оқу жылын жақсы көңіл күймен бастап, биік белестерді бағындыруды тіледі.

Қайырымдылық – қоғамдағы өзара жанашырлық пен бауырмалдықты арттыратын сауапты амалдардың бірі. Осындай игі бастамалар арқылы балаларға қолдау көрсетіп, олардың қуанышына ортақ болу – баршаға ортақ ізгілік.

Жаңа оқу жылы қарсаңында ұйымдастырылған бұл шараға қолдау білдіріп, демеушілік жасаған барша жомарт жандарға, мешіт жамағатына және атсалысқан азаматтарға шынайы ризашылығымызды білдіреміз.

Алла Тағала жасаған қайырлы істеріңізге мол сауап жазып, берген садақаларыңызға береке берсін! Демеушілеріміздің отбасыларына амандық, ризық-несібелеріне молшылық нәсіп етсін!

Жаңа оқу жылында барлық оқушыларға сәттілік, сапалы білім, биік жетістіктер және жарқын болашақ тілейміз!