blog Images

ЕҢБЕК АДАМДАРЫНА «МӘУЛІТ СЫЙЫ»ҮЛЕСТІРІЛДІ

ҚМДБ  «Зекет және қайырымдылық қорының» ұйымдастыруымен Маңғыстау облыстық орталық «Бекет ата» мешітінде Мәуліт мерекесіне орай қайырымдылық шарасы өтті.

Игі шара аясында Ақтау қаласының көшелерін тазалап, қаланың көркеюіне өз үлестерін қосып жүрген 40-тан астам еңбек адамдарына Мәуліт сыйлықтары үлестірілді. Күннің ыстығы мен суығына қарамастан, адал еңбегімен отбасын асырап жүрген еңбек адамдарына құрмет көрсетіліп, жылы лебіздер білдірілді.

Жиында Маңғыстау облысының бас имамы Әнуар Ізімбайұлы ақжарма тілегін білдіріп, еңбек адамдарының қоғамдағы орны мен адал еңбектің қадір-қасиетіне тоқталды. Сонымен қатар Мәуліт мерекесінің мән-маңызы туралы тағылымды насихат айтты.

«Еңбек адамы – қашанда елге сыйлы, отбасына қадірлі. “Еңбектің наны тәтті” демекші, жалақысы аз болса да қолына күрек пен сыпыртқы ұстаудан ұялмай, маңдай терімен адал еңбек етіп, отбасын адал табыспен асырап жүрген әрбір жан құрметке лайық. Адал еңбек ету де – сауапты іс», – деді бас имам өз сөзінде.

Шара соңында еңбек адамдары ұйымдастырушыларға алғыстарын білдіріп, осындай игі бастамалардың қоғамдағы мейірім мен ізгілікті арттыруға себеп болатынын жеткізді.