blog Images

«Шаңырақ»мешітінде интеллектуалды білім сайысы өтті

Жаңаөзен қалалық «Шаңырақ» мешітінде жастар арасында «IQRO QUIZ» интеллектуалдық білім сайысы ұйымдастырылды.

Танымдық әрі тәрбиелік мәні зор шара жастардың білімге деген қызығушылығын арттыру, діни сауаттылығын жетілдіру және логикалық ойлау қабілеттерін дамыту мақсатында өткізілді.

Интеллектуалдық сайысқа білімге құштар, ізденімпаз жастар қатысып, өзара бақ сынады. Сайыс барысында қатысушылар діни білімдерін саралап қана қоймай, түрлі сұрақтарға жылдам әрі нақты жауап беру, логикалық тұрғыдан ой қорыту, тапқырлық таныту және топпен жұмыс жасау қабілеттерін көрсетті.

Шара барысында қатысушыларға ислам дініне, имандылыққа, адамгершілік құндылықтарға және жалпы танымдық бағыттарға қатысты сұрақтар қойылды. Әр кезең қатысушылардың білімін шыңдап, ізденуге және жаңа мәліметтерді меңгеруге деген ынтасын арттыра түсті.

Іс-шара соңында Жаңаөзен қалалық мешітінің наиб имамы  Дінмұхамбет Әлиұлы сайысқа қатысушыларды құттықтап, белсенділік танытқан жастарға алғысын білдірді. Ол білім алудың және үнемі ізденісте болудың маңыздылығына тоқталып, жастардың діни әрі дүниелік білімдерін қатар жетілдіруі маңызды екенін атап өтті.

Сондай-ақ наиб имам мұндай интеллектуалдық және танымдық шаралардың жастардың жан-жақты дамуына тигізер пайдасы мол екенін айтып, алдағы уақытта да білім мен тәрбиеге бағытталған игі іс-шаралардың жалғаса беретінін жеткізді.

Шара соңында сайыстың жеңімпаздары мен белсенді қатысушылары марапатталды.

Жаңаөзен қалалық мешіті жастардың білімге, ізгілікке және рухани құндылықтарға деген қызығушылығын арттыруға бағытталған осындай мазмұнды жобаларды алдағы уақытта да жалғастыра бермек.