«Бір айда – бір кітап» жобасы аясында «Көшпенділер» трилогиясының алғашқы тарауы талқыланды
Маңғыстау облыстық орталық «Бекет ата» мешітінің кітапханасында «Бір айда – бір кітап» жобасы аясында кітапхана оқырмандарымен бірге Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясының алғашқы тарауы– «Алмас қылыш» кітабына әдеби шолу жиыны өтті.
Кездесу барысында оқырмандар шығарманың тарихи мазмұны, кейіпкерлер болмысы мен қазақ халқының қалыптасу кезеңін бейнелеудегі жазушының шеберлігі жөнінде өз ой-пікірлерімен бөлісті. Әдеби басқосу еркін пікір алмасу форматында өтіп, қатысушылар тарихи туындының маңыздылығына ерекше тоқталды.
Жоба жоспарына сәйкес, алдағы тамыз айында Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясының екінші кітабын – «Жанталас» оқылып, оның мазмұны мен тарихи құндылығы кеңінен талқыланатын болады.
Шара барысында Маңғыстау облысының бас имамы Әнуар Ізімбайұлы мешіт кітапханасының қорын толықтыру мақсатында Халық ақыны Сәттіғұл Жанғабылұлының «Сәттіғұл- жырдың шынжыры»атты жыр жинағын кітапханаға сыйға тартты. Бұл игі бастама кітапхана қорын байытып, оқырмандардың рухани дүниесін кеңейтуге өз үлесін қоспақ.
