ӨҢІР ИМАМДАРЫНА АРНАЛҒАН БІЛІКТІЛІКТІ АРТТЫРУ СЕМИНАРЫ ӨТТІ
Алматы қаласындағы «Нұр-Мүбарак» Египет ислам мәдениеті университетінің оқытушысы, исламтанушы, Талғар аудандық «Әбу Бәкір» мешітінің ұстазы Бағлан Шежімбай Маңғыстау облысына арнайы іссапармен келді.
Іссапар аясында өңір имамдарына арналған біліктілік семинары өтті. Семинар барысында Бағлан Шежімбай «Аллаға сипат бекіту» тақырыбында дәріс өткізіп, ислам ақидасындағы маңызды мәселелерге кеңінен тоқталды.
Дәріс барысында тақырыпқа қатысты діни түсініктер мен ғалымдардың тұжырымдары айтылып, имамдарға жан-жақты мағлұмат берілді.
Семинар барысында Маңғыстау облысының бас имамы Әнуар Ізімбайұлы сөз сөйлеп, арнайы іссапармен келген Бағлан Шежімбайға алғысын білдірді. Сондай-ақ семинардың өңір имамдарының діни білімін жетілдіру мен біліктілігін арттырудағы маңызына тоқталды.
