БІРҚАТАР КӘСІПОРЫН ҚМДБ «ХАЛАЛ» СЕРТИФИКАТЫНА ИЕ БОЛДЫ
Ақтау қаласында бірқатар қоғамдық тамақтану және кондитерлік кәсіпорындарға «QMDB HALAL» халал куәлігі табысталды.
Атап айтқанда, «Croissant Gallery» кондитерлік дүкені, «Ақкеме» және «Шаңырақ» тамақтану орындары халал талаптарына толық сәйкес келіп, алғаш рет «QMDB HALAL» куәлігіне ие болды.
Аталған кәсіпорындарда бірнеше ай бойы кешенді тексеріс және мониторинг жұмыстары жүргізілді. Аудит барысында анықталған ескертулер бойынша қажетті түзету шаралары енгізіліп, өндіріс процесі мен қызмет көрсету талаптары толықтай халал стандартына сәйкестендірілді. Осы талаптардың барлығы толық орындалғаннан кейін ғана кәсіпорындарға «QMDB HALAL» халал куәлігі табысталды.
«QMDB HALAL» стандартына сәйкес берілетін халал куәлігі кәсіпорын өнімдерінің және өндіріс процесінің шариғат талаптары мен халал стандарттарына сай екенін растайды. Халал талаптарының тұрақты сақталуын қамтамасыз ету мақсатында кәсіпорындарда жоспарлы бақылау және мониторинг жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп келеді.
Сертификатты облыстың бас имамы Әнуар Ізімбайұлы арнайы табыстап,халал сертификатына ие болған кәсіпорын ұжымын құттықтады. Сондай-ақ, кәсіптеріне береке, жұмыстарына табыс тілеп, адалдық пен сапа қағидаттарын берік ұстанып, еңбектеріне сәттілік тіледі.
