Жетімдер – елге аманат
Барлық мақтау мен мадақ бүкіл әлемдердің Жаратушысы Аллаға болсын. Оның игілігі мен сәлемі екі дүниенің сардары, адамзаттың ардақтысы, сүйікті пайғамбарымыз Мұхаммедке, оның отбасына және де қияметке дейін оның артынан ізгілікте еруші үмметіне болғай!
Қазіргі уақытта «балалар үйі», «жетімдер үйі» деген сөздер біз үшін таңсық дүние емес. Ерте кезде жетімдерге қамқорлық жасау – мұсылман қоғамының ұжымдық міндеті деп танылғандықтан, бұндай мекемелер мүлде болмаған.
Қасиетті Құранда жетімдерге жақсы қарап, олардың ақысын жемеуге қатысты көптеген аяттар бар:
«Сондай-ақ (балиғат шағына жеткен) жетімдердің мал-мүлкін өздеріне толық қайтарып беріңдер. Олардың дүниесінің жақсысын өз дүниелеріңнің жаманына айырбастамаңдар. Һәм олардың мал-мүлкін өз мал-мүліктеріңе қосып алып, жемеңдер. Шүбәсіз, бұлардың әрбірі үлкен күнә болып табылады» («ан-Ниса» сүресі, 2 аят).
«Жетімнің мал-мүлкіне кәмелетке толғанға дейін (сақтау, көбейту немесе сол баланы жан-жақты жетілдіру үшін жұмсау сияқты) жақсы ниетпен болмаса, мүлдем жоламаңдар» («әл-Исра» сүресі, 34 аят).
«Ендеше, жетімді қамқоршысы жоқ, әлсіз екен деп ақысын жеуші болма, қорлама», («ад-Дұха» сүресі, 9 аят).
Парасат иесі, ардақты пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) да өзінің бірқатар хадистерінде:
«Жетімнің тірлігіне қарайлаған кісі, оның туысы болсын, мейлі оған бөтен болсын, ол кісі менімен жәннатта мына екі саусақ сияқты бірге болады (деп сұқ саусағы мен ортаңғы саусағын ашып, көрсеткен екен)».
«Мұсылман адамдар тұратын үйлердің ең жақсысы – жетімді баққан үй. Мұсылман адамдар тұратын үйлердің ең жаманы – жетім қиналған үй».
«Кімде кім Алла разылығы үшін бір жетімнің басын мейіріммен сипаса, оның қолына тиген шашының санындай сауап жазылады»,деп жетімдерге жылы шырай танытып, барынша мейірімділікпен қарауға үндеген.
Екі дүние сардарының (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) тәлімін алған сахабалар да жетімдерге қарайласу мәселесіне бейқам қарамаған.
Абдуллаһ ибн Омар (оған Алланың рақымы болсын) есімді сахаба күнделікті өмірінде дастарқан басына отырғанда алдымен жетім баланы тойдырмайынша, астан ауыз тимейтін болған. Тіпті сапарға шыққанда бір өзі отырып тамақтанғанын ешкім көрмепті. Түскілікке жетім баланы шақыртып алатын әдетін замандастары тілге тиек етіп айтып жүрген. Бірде асқа отырғанда қызметшісі жетім баланы таба алмайды. Сонда Абдуллаһ сол жетім баланы тауып әкелгенше алдындағы асқа қол созбай күтіп отырған екен.
Тақуа жандардың бірі былай дейді: «Ислам дінін қабылдағанға дейін мен маскүнем және күнәһар едім. Бірақ күндердің күнінде бір жетімді асырап алып, оған ұлым ретінде, тіпті одан да жақсы қарадым. Бір күні түсімде мені жаһаннамға апару үшін тозақтың әскері келгенін көрдім. Сол кезде жетім бала келіп: «Мен ол туралы Раббыммен сөйлеспегенше, оны қалдырып кетіңдер» деді. Сол кезде «Оны қалдырыңдар. Біз оны жетімге жақсылық жасағаны үшін жарылқадық» деген дауыс естілді». Содан кейін мен оянып, барынша жетімдерге көмектесуге тырыстым.
Бұл оқиға әке-шешесінен айырылған балаларды асырап, бағып-қағу шексіз сауапқа кенелтетін құлшылық екендігінің тағы бір дәлелі.
Жетімдерге көрсетілген рақымсыздық адам баласын жамандықтың тұңғиығына батыратын болса, оларға деген мейірімділік – Алла Тағаланың разылығын жеткізетін бірден-бір амал.
Құран Кәрімде: «(Уа, Мұхаммед!) Олар сенен Алла жолында кімге не беру керектігі жайлы сұрайды. Оларға былай деп айт: «Қандай дүниеден (зекет немесе нәпіл садақа ретінде) не берсеңдер де, алдымен ата-анаға, содан кейін ең жақын туыстарға, жетімдерге, пақыр-міскіндерге және еліне жете алмай жолда қалған мүсәпір жолаушыға беру керек. (Кімге) қандай жақсылық жасасаңдар, Алла оны сөзсіз біледі» («әл-Бақара» сүресі, 215 аят), деп айтылады.
Біздің ата-бабамыз «жетім көрсең жебей жүр» деген қағиданы берік ұстанып, тағдыр тәлкегіне түскен балапандардың көңілін аулап, жүрегіне жылулық беріп, қамқорлық көрсетуді игі іс санаған.
Біз де «қаз бен үйректің панасы – көл, жетім мен жесірдің панасы – ел», «жетім – елге аманат», «жетімнің ризығы – жұрттан» деген халқымыздың даналығын басшылыққа алып, қоғам болып жетімдерге қамқор бола білейік.
Алла Тағала баршамызға ардақты пайғамбарымыздың өнегесіне сай ғұмыр кешіп, шын ықыласпен жетімдерге қарайласуымызды нәсіп етсін. Әмин!
Мейрамбек Есенбекұлы,
Баянды ауылдық мешітінің наиб имамы