blog Images

ӨҢІР ИМАМДАРЫНА АРНАЛҒАН ОҚУ-СЕМИНАРЫ БАСТАЛДЫ

ҚМДБ Маңғыстау облыстық өкілдігінің ұйымдастыруымен «Уағыз айтудың әдебі мен мәдениеті» тақырыбында имамдарға арналған өңірлік оқу семинары басталды.

Шараға  өңірлік дін қызметкерлері қатысуда. Семинар барысында қатысушыларға уағыз-насихат жүргізудің жауапкершілігі, заманауи талаптары және жамағатпен дұрыс қарым-қатынас орнату жолдары түсіндірілуде.

Семинарды Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Діни білім және кадр даярлау бөлімінің меңгерушісі, РАНТ мүшесі Хасан Ташайұлы жүргізуде.

Жиында Маңғыстау облысының бас имамы Әнуар Ізімбайұлы оқу семинарының дін қызметкерлері үшін аса маңызды екенін атап өтті. Өз сөзінде ол уағыз айтушы имамның білімімен қатар, әдебі мен көркем мінезі де жоғары болуы керектігін айтып, жамағатқа дұрыс  насихат жеткізудің маңыздылығына тоқталды.

Жиын барысында «Уағыз айтудың әдебі мен мәдениеті» құжаты таныстырылып, онда уағыз жүргізудің шариғи талаптары мен сөз мәдениетіне қатысты негізгі қағидалар кеңінен баяндалуда.

Сондай-ақ, тәжірибелі имамдар насихат жүргізудің тиімді тәсілдері бойынша өзара пікір алмасып, қатысушыларға әдістемелік бағыт-бағдар берілуде.

Семинардың басты мақсаты – имамдардың біліктілігін арттырып, діни қызмет сапасын жетілдіру.

Осындай мазмұнды біліктілікті арттыру семинарлары алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасын табатын болады. Сонымен қатар, имамдардың кәсіби деңгейін көтеру, шешендік қабілеттерін дамыту және діни білімін тереңдету мақсатында арнайы оқу семинарларын тұрақты түрде ұйымдастыру жоспарлануда.