Жаңаөзендегі игі бастама:Шаңырақ мешітінің мерейтойымен үндескен жаңа спорт нысаны
Жаңаөзен қаласында тағы бір маңызды нысан ел игілігіне берілді. Жаңаөзен қалалық «Шаңырақ» мешітінің 30 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған шаралар аясында «Қайрат»футбол академиясының ресми филиалы ашылып, заманауи жабық спорт залы пайдалануға тапсырылды.
Бұл бастама – мешіттің рухани-ағартушылық қызметімен қатар, қоғамға пайдалы әлеуметтік жобаларды қолдаудағы игі дәстүрінің жалғасы. Өйткені мешіт – тек құлшылық орны ғана емес, тәрбиенің, бірліктің және игілікті істердің ордасы. Осындай мерейлі сәтте ашылған спорт нысаны жастарды салауатты өмір салтына баулып, олардың бос уақытын тиімді өткізуіне жол ашады.
Салтанатты шара барысында Жаңаөзен қалалық мешітінің бас имамы Еркеғали Сағынбайұлы сөз сөйлеп, дін мен дәстүрдің сабақтастығын, сондай-ақ дені сау, рухы берік ұрпақ тәрбиелеудің маңызын атап өтті. Ол өз сөзінде: мешіт әрдайым қоғамға қызмет ететін орталық екенін, ал бүгінгі ашылып отырған спорт нысаны – соның айқын дәлелі екенін жеткізді.
Сонымен қатар, шараға қатысқан қала басшылығы мен зиялы қауым өкілдері де бұл жобаның жастар болашағы үшін аса маңызды екенін атап өтіп, оның өңір спортының дамуына серпін беретінін айтты.
Жаңа филиалда жаттығу жұмыстары «Қайрат» футбол академиясының кәсіби әдістемесіне сай жүргізіледі. Бұл өз кезегінде жас спортшылардың жан-жақты дамуына мүмкіндік беріп, олардың үлкен спортқа қадам басуына негіз қалайды.
Осылайша, мешіттің 30 жылдық мерейтойы аясында жүзеге асқан бұл игі іс – рухани тәрбие мен дене тәрбиесінің үйлесім тапқан жарқын көрінісі болып отыр.
