ОБЛЫСТЫҚ МЕШІТТЕ ОРАЗА АЙТ МЕРЕКЕСІ КЕҢ КӨЛЕМДЕ АТАП ӨТІЛДІ
Маңғыстау облыстық орталық «Бекет ата»мешітінде қасиетті Ораза айт мерекесі жоғары деңгейде ұйымдастырылып, көпшілікке рухани қуаныш сыйлады.
Мешіт ауласына арнайы 10 киіз үй тігіліп, келген жамағатқа кең дастархан жайылды. Қонақтарға ұлттық тағамдар ұсынылып, мерекелік көңіл-күй ерекше сезілді.
Салтанатты шара барысында ҚР Республикалық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары, ҚМДБ Ақсақалдар алқасының мүшесі Өмірзақ Озғанбайұлы сөз сөйлеп, жиналған қауымды Ораза айт мерекесімен құттықтады. Ол өз сөзінде бірлік пен татулықтың маңызын атап өтті.
Сонымен қатар, облыстың бас имамы Әнуар Ізімбайұлы мешіт жұмысына қолдау көрсетіп жүрген бірқатар кәсіпкерлерге алғыс хаттар табыстап, олардың игі істеріне ризашылығын білдірді.
Мереке аясында балаларға ерекше көңіл бөлініп, тәттілер таратылды. Мешіт ауласында арнайы ойын алаңдары мен батуттар орнатылып, бүлдіршіндер үшін қызықты бағдарламалар ұйымдастырылды.
Айт мерекесі осылайша елдің бірлігін нығайтып, көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлаған тағылымды шараға айналды.


