Облыс бас имамы «Таза Қазақстан »республикалық акциясына қатысты
Ақтау қаласында Наурыз мерекесіне орай Маңғыстау облыстық дін істері басқармасының ұйымдастыруымен рухани-мәдени іс-шара өтті.
Аталған жиынға Маңғыстау облысының бас имамы Әнуар Ізімбайұлы қатысып, көпшілікке ізгі тілегін жеткізді.
Іс-шараның негізгі мақсаты – қоғамдағы бірлік пен келісімді нығайту, түрлі діни бірлестіктер арасындағы өзара түсіністік пен ынтымақтастықты арттыру, сондай-ақ ұлттық құндылықтарды насихаттау болды.
Жиын аясында Маңғыстау облысы діни бірлестіктер клубының I тоқсанға арналған отырысы өтіп, өңірдегі діни ахуал жан-жақты талқыланды. Сонымен қатар алдағы бірлескен жобалар мен жоспарлар пысықталып, конфессияаралық татулық пен қоғамдық тұрақтылықты сақтау мәселелері қозғалды.
Мерекелік іс-шара барысында Наурызнама тұжырымдамасы бойынша 19 наурыз – Жаңару күніне орай және «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында ағаш отырғызу акциясы ұйымдастырылды. Қатысушылар қала аумағын абаттандыруға үлес қосып, 40 түп жеміс ағашы мен 60 түп раушан гүлін отырғызды.
Өз сөзінде Әнуар Ізімбайұлы мұндай игі бастамалардың қоғам үшін маңызы зор екенін атап өтті. Ол бірлік пен татулықты нығайту – баршаға ортақ міндет екенін жеткізіп, табиғатты аялау мен жақсылық жасаудың маңыздылығына тоқталды.


