Рамазан – жомарттық айы
Барлық мақтау мен мадақ бүкіл әлемдердің Жаратушысы Аллаға болсын. Оның игілігі мен сәлемі екі дүниенің сардары, адамзаттың ардақтысы, сүйікті пайғамбарымыз Мұхаммедке, оның отбасына және де қияметке дейін оның артынан ізгілікте еруші үмметіне болғай!
Он екі айдың сұлтаны болған қасиетті Рамазан – жомарттық жасайтын ай. Көмек сұрап келген адамның көңілін қалдырмай, қолындағы барын беруді әдетке айналдырған ардақты пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Рамазан айында тіпті жомарт болатын.
Ибн Аббас (оған Алла разы болсын) Алла елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Рамазан айында жасайтын жақсы амалдарының, оның ішінде жомарттық танытатын болмысын былай баяндайды: «Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) адамдар арасында ең жомарт жан болатын. Рамазан айы туып, Жәбірейіл (оған Алланың сәлемі болсын) періштемен жиі жолыққанда одан өткен мәрт адам болмайтын. Жәбірейіл (оған Алланың сәлемі болсын) періште Рамазан айының мүбәрак әр түнінде Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) келіп, екеуі бірге Құран оқитын. Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Жәбірейіл (оған Алланың сәлемі болсын) періштемен жолыққан кездерінде жер бетіне береке әкелетін желден де жомарт болып кететін еді».
Жомарттық – жақсылыққа ұмтылған, Алла Тағаланың разылығын көздеген әрбір мұсылманның бойынан табылуы тиіс жақсы қасиеттердің бірі. Өйткені мұсылман өзіне беріліп жатқан ризық-несібенің бір бөлігінде көмекке мұқтаж жандардың ақысы бар екенін жақсы біледі. Алла Тағала өз құлдарын бірнеше аяттарда сараңдық жасамай, керісінше жомарттық жасауды бұйырған.
Сондай мағынадағы аяттардың бірінде былай делінген: «(Уа, мүміндер!) Қазір сендер мал-дүниелеріңнің бір бөлігін Алла жолында жұмсауға шақырылудасыңдар. Алайда араларыңда сараңдар бар. Кімде-кім сараңдық жасаса, өзіне сараңдық жасағаны. Өйткені Алла – Ғани (ешкімге һәм ешнәрсеге мұқтаж емес шексіз, түгесілмес байлық иесі), ал сендер – пақырсыңдар (һәм Аллаға әркез мұқтажсыңдар). Егер Алладан теріс айналсаңдар, сендердің орындарыңа басқа қауым әкеледі. Олар сендер секілді болмайды» («Мұхаммед» сүресі, 38-аят).
Алла біздің жақсы істе мал жұмсағанымызға мұқтаж емес. Асылында біз Алланың мейіріміне мұқтажбыз. Алланың мейіріміне бөлену үшін өзгелерге мейірім көрсетіп, қолдан келгенше көмектесуіміз керек. «Бір-бірлеріңді жақсы көрмейінше, жәннатқа кіре алмайсыңдар»; «Рақым көрсетпегенге, рақым көрсетілмейді»; «Алла Тағала адамдарға рақым етпегендерге рақым етпейді» деген хадистерден көп нәрсені ұғамыз. Рамазан айында барынша жомарт болсақ, Алла Тағала да бізге жомарттық жасайды. Ал қолымызда дүние бола тұра сараңдық танытатын болсақ, оның зияны мен зардабын тек өзіміз тартамыз. Алла бізді сараңдықтан сақтасын!
Қасиетті Рамазан айында жасаған барлық жақсы амалдың сауабы еселене түспек. Өйткені Рамазан – қасиетті ай. Уақыт қасиетті болғандықтан осы мезгілде жасалған жақсы амалдың жақсылығы да арта түспек. Сондықтан да пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) «Ең жақсы садақа – Рамазанда жасалған садақа» деп айрықша атап өткен.
Біз осы дүниеде қандай амал жасасақ та оның қайтарымын міндетті түрде өзіміз аламыз. Халқымыз: «Қайырымдылық жасасаң – қайырын өзің көресің» деген. Бұл мақалдың мәні тереңде жатыр. Осыған байланысты бір мысал келтіруді жөн көріп отырмыз. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) үмбетін, отбасын үнемі жақсылық жасауға, жақсы істе жомарттық танытуға шақыратын. Хазреті Әбу Бәкірдің (оған Алла разы болсын) қызы Әсмадан (оған Алла разы болсын) жеткен хадисте Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Дорбаның аузын қыспа. Әтпесе, Алла да саған қысып (азайтып) береді» деген.
Бір күні Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Қағбаның жамылғысына жабысып алып: «Осы үйдің (Қағбаның) құрметі үшін мені кешіре гөр» деп, Алладан кешірім тілеп тұрған бір кісінің жанынан өтеді. Сонда пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) оған: «Уа, Алланың құлы! Сұрасаң, өзіңнің құрметің үшін сұра! Өйткені Алла үшін мына үйден қарағанда момын-мұсылманның құрметі әлдеқайда жоғары» дейді. Сонда әлгі кісі: «Уа, Алланың елшісі! Менің үлкен күнәм бар» дейді. «Ол қандай күнә?» деп сұрайды пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын). Сол кезде әлгі кісі: «Менің дүнием көп, мал да, жылқы да жетерлік. Алайда біреу менен соны сұраса, жүзімнен от шыққандай боламын» дейді. Сонда Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Ей, пасық! Отыңмен мені күйдірмей тұрғанда ары кет. Алланың атымен ант етейін, мың жыл ораза ұстап, мың жыл намаз оқысаң да, сараң болып өмірден өтсең, Алла сені міндетті түрде тозаққа тастайды. Сараңдық – күпірліктен, күпірлік тозаққа түсіретіндігін, ал жомарттық – иманнан, иман жәннатқа жетелейтінін білмеуші ме едің?!» дейді.
Біз бұл хадистен жомарт жанға берілетін сый тек жәннат екенін анық аңғарамыз.
Алла Тағала қасиетті Рамазан айында баршамызға жомарттық қасиетті нәсіп етіп, жақсы істерде белсенді болуымызды бұйырғай. Әмин!
Айдос Жамбылұлы,
Ақтау қалалық «Бекет ата» мешітінің наиб имамы