Рамазан – кешірім айы
Барлық мақтау мен мадақ бүкіл әлемдердің Жаратушысы Аллаға болсын. Оның игілігі мен сәлемі екі дүниенің сардары, адамзаттың ардақтысы, сүйікті пайғамбарымыз Мұхаммедке, оның отбасына және де қияметке дейін оның артынан ізгілікте еруші үмметіне болғай!
Адам баласы – Алла Тағаланың көркем есімдерінің сәулесі ең көп көрініс тапқан ерекше жаратылыс иесі. Жаратушымыздың көркем есімдерінің бірі – Әл-Ғаффар (Кешірімшіл, Аса кешірімді).
Өмір болғаннан кейін қоғамда әртүрі келеңсіз жағдайлар орын алып, адамдар бір-біріне ренжіп, өкпелеп қалуы мүмкін. Осындай кезде не істеу керектігіміз туралы қасиетті Құранда:
«Сонда да оларды кеш, (теріс қылықтарын) көңіліңе алма. Шүбәсіз, Алла (жақсылық жасаудан танбайтын) ізгі жандарды жақсы көреді» («әл-Мәида» сүресі, 13 аят).
«(Уа, Мұхаммед!) Сен сонда да кешірімді бол, жақсылықты бұйыр, сауапты һәм пайдалы істер істе. Ондай надандардан сырт айнал, олардың қылықтары мен сөздерін көңіліңе алма (наданмен надан болма)» («әл-Ағраф» сүресі, 199 аят), деген аяттар бар.
Мекке мүшріктері қаншама мәрте ардақты пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қиянат жасап, қорлық көрсетсе де, екі дүние мырзасы сабырлық танытып, Алладан оларға тура жол нәсіп етуін сұраған.
Сахабаларының: «Неге оларға Алладан қарғыс тілемейсіз, сіздің дұғаңыз қабыл ғой!?» деген сұрағына, адамзаттың асылы (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Мен лағынет айтып, қарғыс жаудыру үшін емес, мейірім ретінде ғана жіберілдім», деп жауап қайтарғанын білеміз.
Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) араздасқан екі мұсылманның үш күннен артық араздасуы жақсы іс емес екенін: «Қандайда бір мұсылманның өз бауырына үш күннен артық ренжуі дұрыс емес» деп хадистерінің бірінде айтып өткен.
Демек, мұсылман адамдардың үш күнге жеткізбей, тез арада татуласуы үлкен сауапты іске жатады екен. Сондай-ақ, жасының кішілігіне не үлкендігіне қарамастан, бірінші болып кешірім сұраған адамның Алла тарапынан берілетін сауабының мөлшері еселенетіні белгілі. Бұл дегеніміз Ислам дінінің адамзат баласын кішіпейілділікке тәрбиелеп, тәкәппарлықты жою жолындағы бірден-бір принципі болып табылады.
Ардақты пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) кешірімділік сияқты асыл қасиетті санаулы ғұмырында ту етіп, іс жүзінде амалға асырып, үмметіне ізгі өнеге көрсете білді. Біз, мұсылмандар екі дүние сардарының (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өсиетіне құлақ асып, соған сай өмір сүруіміз қажет.
Жоғарыда келген Құран аяттары мен ардақты пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадистерінен нәр алған халқымыздың дүниетанымында «кешірім – ізгіліктің белгісі», «кешірім жасау – кеңдік, кешіре алмау – кемдік», «алдыңа келсе, атаңның құнын кеш» деген ұлағатты сөздер жетерлік.
Бұл қасиет жайлы қазақтың аяулы ақыны Шәкәрім Құдайбердіұлы:
Біреудің мінін кешірсең,
Құдай да сені кешеді!
Бірінде қылмай есірсең,
Төбеңді әлі-ақ теседі!
Көңілі жұмсақ адамның,
Күрмеуін тағдыр шешеді.
Пейілі жаман адамның,
Орыны дайын деседі!, деп жырлайды.
Қорыта айтқанда, кешірімділік – Алланың рақымы мен мейірімінен үміт еткен пенденің бойынан табылатын ең асыл қасиеттердің бірі.
Алла пендесінің түрлі дәрежедегі қиянатын кешірмеуге қаншалықты лайықты болса да, қателігін мойындап, тәубесіне келген әр құлын Өзінің кеңшілігімен үнемі кешіреді. Себебі ол аса Мейірімді, ерекше Кешірімді. Өйткені ол – Әл-Ғаффар (Кешірімшіл, Аса кешірімді), Әл-Ғафур (Кешіруші) және Әл-Афуу (Ғафу Иесі, Кешірімді).
Егерде біз Алла Тағаланың әмірлеріне бойсұнып, басыңыздан өткен жағдайларға түсіністікпен, кешіріммен қарайтын болсаңыз көп игіліктерге қол жеткіземіз. Раббымыз Алланың алдында дәрежеміз көтеріліп, қоғам алдында абыройлы боламыз.
Құрметті ағайын! Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Рамазанның ортаңғы он күндігі – Алланың құлдарына ерекше кешірімі болатын күндер» деген.
Міне қазір біз осы Алланың кешірімі жауатын күндердің куәсіміз. Алла бізді кешірсін десек, өзгелерге кешіріммен қарайық!
Лұқман Хәкім ұлына: «Екі нәрсені ұмыт: біреуге жасаған жақсылығыңды ұмыт, біреудің саған жасаған жамандығын ұмыт» деп өсиет еткен екен.
Алла Тағала баршамызға Өзінің кешіріміне бөленген құлдарының қатарынан болуымызды нәсіп етсін. Әмин!
Еркеғали Сағынбайұлы,
Жаңаөзен қаласы «Шаңырақ ш/а» мешіті