Рамазан қарсаңында Маңғыстау мешіттерінің кітап қоры толықты
Қасиетті Рамазан айы қарсаңында ҚМДБ«Muftiyat» баспасынан жарық көрген 400 дана діни кітап Маңғыстау облысына қарасты мешіттерге сыйға тартылды.
Игі бастаманың басты мақсаты – мешіт жамағатының діни сауатын арттыру, кітап оқу мәдениетін қалыптастыру және рухани танымды кеңейту. Жаңа кітаптар мешіттердің арнайы «Мүфтият бұрышы» кітап сөрелеріне орналастырылып, мешітке келуші жамағаттың пайдалануына берілмек.
Облыс бас имамы Әнуар Ізімбайұлы игі бастаманың маңыздылығына тоқталып, Рамазан айында құлшылықпен қатар білімге ден қою – әрбір мұсылман үшін үлкен сауап екенін атап өтті. Сондай-ақ, мешіттер тек ғибадат орны ғана емес, рухани тәрбие мен білім ордасы болуы тиіс екенін жеткізді.
