«Шопан ата»мешітінде 150 ерекше жанға ауызашар дастарханы жайылды
Қасиетті Рамазан айында Ақтау қалалық «Шопан ата» мешітінде ерекше жандарға арналған ауызашар дастарханы жайылды.
Игі шара барысында есту қабілеті нашар және мүмкіндігі шектеулі 150 азаматқа арнайы ауызашар берілді.
Рухани кештің мақсаты – қоғамдағы ерекше жандарға қолдау көрсету, оларға Рамазан айының мейірімі мен жылуын сезіндіру, сондай-ақ ізгілік пен жанашырлық құндылықтарын дәріптеу.
Жиын барысында рухани насихат айтылып, қасиетті айдың қадір-қасиеті, сабыр мен шүкіршіліктің маңызы жөнінде тағылымды ойлар ортаға салынды. Сонымен қатар, жамағатпен бірге дұға жасалып, ауызашар дастарханына жиналған көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйланды.
