«Әбіш қожа»мешітінде «Отбасы құндылықтары және әйел адамның отбасындағы рөлі» семинары өтті
Жаңаөзен қалалық орталық «Әбіш қожа»мешітінде әйелдер жамағатына арналған «Отбасы құндылықтары және әйел адамның отбасындағы рөлі» атты рухани-танымдық семинар ұйымдастырылды.
Шараның негізгі мақсаты — қазіргі қоғамда отбасы институтын нығайту, жас келіндер мен аналарға шаңырақ берекесін сақтаудың маңызын түсіндіру, сондай-ақ асыл дініміздегі әйел затының қадір-қасиетін дәріптеу болды.
Кездесу барысында отбасының беріктігі, бала тәрбиесіндегі ананың орны, ерлі-зайыптылар арасындағы сыйластық пен жауапкершілік мәселелері кеңінен қозғалды. Қатысушылар рухани тәрбиенің маңызы, болашақ ұрпақтың бойына имандылық пен ұлттық құндылықтарды сіңірудегі ананың шешуші рөлі туралы ой бөлісті.
Сонымен қатар, шаңырақтағы тыныштық пен берекені сақтаудың психологиялық және діни негіздері, қазақ халқының отбасылық салт-дәстүрлерін заман талабына сай ұлықтау жайлы маңызды тұжырымдар айтылды.
Шара соңында мешіт ұжымы қатысушы әйелдерге естелік сыйлықтар таратып, ізгі тілектерін білдірді.
