«Әбіш қожа»мешітінің ұйымдастыруымен тұрғындарға «Рамазан қоржыны»таратылды
Қасиетті Рамазан айының келуімен Жаңаөзен қаласында қайырымдылық шаралары жандана түсті. Соның бірі ретінде орталық «Әбіш қожа»мешітінің ұстаздары мен ерікті жастары қала тұрғындарына арнап ерекше акция ұйымдастырды.
Кешкі ауызашар уақытында жастар жол үстіндегі жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерге, сондай-ақ сауда орталықтарындағы тұрғындарға арнайы дайындалған «Рамазан қоржындарын» үлестірді.
Игі шара аясында әрбір сыйлық пакетіне ораза ұстаған жандарға қажетті өнімдер салынды. Атап айтқанда, таза ауыз су, сүннет бойынша ауыз ашуға арналған құрма, түрлі тәттілер мен жеңіл тіскебасарлар, сондай-ақ балаларға арналған шағын ойыншықтар мен шарлар таратылды.
