БІР АЙЛЫҚ РАМАЗАН – ОН БІР АЙДЫҢ ТАҒДЫРЫН ШЕШЕДІ
КІРІСПЕ
Рамазан – мұсылман үмбетіне берілгенуақыттық мүмкіндік қана емес, рухани өзгеріс айы. Бұл айда жасалған құлшылық, түзетілген ниет, өзгерген мінез – қалған он бір айдың руханибағдарына айналады. Сондықтан Рамазан – тек бірайлық ғибадат емес, жылдық тағдырдыанықтайтын рухани дүние.
Алла Тағала қасиетті Құранда былай дейді:
«Ей, иман келтіргендер! Сендерге ораза парыз етілді, сендерден бұрынғыларға парыз етілгендей, бәлкім тақуалыққа жетерсіңдер» (әл-Бақара, 183).
Бұл аятта оразаның негізгі мақсаты – тақуалық екені анық айтылады. Демек, Рамазан – уақытша аштық емес, тұрақты тақуалық қалыптастыру мектебі. Егер бұл мектептен адам шынайы нәтиже алып шықса, оның жылдық рухани жағдайы өзгерістерге толы болады.
Рамазан – рухани жаңару кезеңі
Рамазан айы – тек ғибадат айы емес, ол маңызды оқиғаларды қамтыған ерекше ай. Өйткені бұл айда қасиетті Құран кәрім түскен. Алла Тағала қасиетті Құранда:
«Рамазан айы – адамдарға тура жол нұсқаушы, айқын дәлелдерді әрі ақиқат пен жалғанды ажырататын өлшемдерді қамтыған қасиетті Құран түсе бастаған ерекше ай» (әл-Бақара, 185).
Құранның бұл айда түсуі – адамзат тарихындағы ең үлкен рухани жаңару. Сол секілді әрбір мүмін үшін де қасиетті Құран түскен Рамазан айы – жеке өміріндегі өзгеріс мүмкіндігі.
Психология ғылымында «қалыптасу кезеңі» деген ұғым бар. Белгілі бір әрекетті 30 күн тұрақты орындау адамның жүріс-тұрысына, мінез-құлқына әсер етеді. Рамазан дәл осы уақыттық өлшеммен сәйкес келеді. Егер біз бір ай бойы тұрақты түрде намаз оқысақ, түнгі құлшылыққа (тарауих) мұқият болсақ, Құран оқуды көбейтетін болсақ,нәпсімізбен жұмыс жасасақ, садақа беру арқылы өзгеге қуаныш сыйласақ мол сауапқа ие болудан бөлек, сол арқылы біз өз жан-тәнімізді тазартамыз. Қасиетті айда осы амалдарды жүйелі жасап өткізетін болсақ, бұл біздің қалған жыл айларындағы жасайтын амалдарға ұйытқы болады.
Ал енді Рамазан айын қалай тиімді өткізу керектігіне тоқталып өтейік:
Тақуалық – Алланың алдында жауапкершілік сезімімен өмір сүру. Рамазан – адам баласын тақуалыққа тәрбиелейтін ай. Алланың разылығын көздеп, ауыз бекіткен адам қателік жасаудан барынша тыйылады. Имам әл-Ғазали тақуалықты «жүректі күнәдан қорғайтын ішкі қалқан» деп сипаттайды.
Рамазан осы қалқанды күшейтетін ай. Ораза ұстаған жан аш болса да адал мен арамның аражігін сақтайды, сырт көз бақыламаса да аузына су алмайды, нәпсісін тежеп, сабырлықпен сауабын бір Алладан үміт етеді.
Мәшһүр Жүсіп бабамыз:
«Оразаң отыз күнгі – отыз кісі,
Бес кісі – бес намазың білемісің.
Жоқ қылып жамандықты жойылтуға,
Бұларсыз дәнемеге келмес күшің» деп келетін жыр жолдарында айтылғандай, ораза – тақуалықты ұстану арқылы жамандықты жоятын амал.
Бұл – ихсан деңгейіндегі бақылау. Егер адам бір ай бойы осы бақылауды сезініп өмір сүрсе, онда ол сана деңгейінде «Алла мені көріп тұр» принципін қалыптастырады. Негізгі мәселе Рамазаннан кейін осы ихсан деңгейі сақталуына мән беруіміз қажет.
Ораза – нәпсіні әлсіретіп, рухты күшейтетін ғибадат. Бұрынғы ізгілер нәпсіні «адамды Алладан алыстататын ішкі дұшпан» деп сипаттаған екен.
Нәпсінің негізгі көріністері олар: құмарлық, ашу және менмендік болса, ораза осылардың барлығын тежеуге көмектеседі. Аштықта болу арқылы – тәкаппарлық жойылады, сабыр етіп аштыққа шыдау – ашуды басады, ешкімге мақтанып айта алмайтын құпия ораза – менмендікті әлсіретеді. Шынымен де, бұл ұстаған оразаны өзге адамға мақтанып айта алмайтынымыз рас. Сол үшін де Әбу Һурайрадан жеткен құдси хадисте Алла Тағала:
«Адам баласының тек оразадан басқа амалының барлығы өзі үшін. Ал ораза – Мен үшін. Оның сауабын Өзім беремін» деген.
Егер адам бір ай бойы ораза ұстауымен қатар,нәпсіні бақылауға дағдыланса, ол мінез тұрақтылығын қалыптастырады.
Рамазан – Құран айы. Жәбірейіл (а.с.) рамазан айында Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Құранды үйреткен. Сол үшін мұсылманның бұл айда Құранды көп оқығаныабзал. Сахабалардан бастау алатын ізгі буынмұсылмандары да Құранға ерекше ден қойған. Осман (р.а.) әр күні Құранды хатым етсе, ал кейбірізгілер рамазанның әр үш күні тарауих намазындаҚұранды түгел оқып бітіретін.
Имам Шафиғи рамазанда алпыс рет хатыметкен болса, ал Асуад екі түнде бір хатым түсіргеніжайлы деректер келтірілген. Ал, Зуһри Рамазан кірсе, зерттеуді және оқуды тоқтатып, толығымен Құранды жүзінен оқуға кірісетінболған.
Құранмен тұрақты байланыс адамның: ойлаужүйесін өзгертіп, есте сақтау қабілетін арттырады және арамнан тыйылуға көмектеседі.
Құран оқитын жүрек харамға бейім болмайды. Егер Рамазанда басталған Құран тәртібі жалғасса, онда жыл бойы рухани иммунитет сақталады.
Қадір түні – мың айдан да қайырлы. Бұл түндебіздің бір жылдық тағдырымыз жазылады.
«Сол түні (Алланың) хикметімен тағдырға жазылған әрбір іс нақтыланатын болады» (ад-Духан, 4)
Әбу Һурайра жеткізген хадисте Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):
«Кімде кім Қадір түнінің артықшылығына сеніп, сауабын Алладан күтіп, ғибадат, құлшылықпен өткізсе, өткен-кеткен күнәлары кешіріледі»,- деген екен.
Рамазан айын, әсіресе соның ішіндегі мейірім болып берілген қадір түнін құлшылықпен өткізу кейінгі келетін айлардағы күндерімізге әсерін тигізеді. Өйткені, бұл тағдырлар жазылатын түндер айы.
Қорытынды
Қорыта айтқанда, Рамазан – жылдық руханибағытты белгілейтін ай. Ол жүректі тазартатын, нәпсіні тәрбиелейтін, Құранмен байланысорнататын, тағдырды дұғамен өзгертетін ай. Ол –бір ай бойы сынақта, аштықта және сабырлықта болып, жемісін қалған он бір айда, ал сауабын ахіретте көретін ерекше қасиетті ай.
Егер адам Рамазанда өзгерсе, онда оның бүкіл жылы өзгереді. Сондықтан Рамазанды «қалай өткізсем екен?» деп емес, «бұл ай менің жылдық тағдырымды қалай өзгертеді?» деп кіру – дұрыс болып табылады.
Әйгілі ғұлама Хасан әл-Басри: «Кім Раббысын таныса, Оны сүйеді. Кім дүниені таныса, оданжүзін бұрады…» демекші, осы айда Раббымызды танып, оған деген махаббатымыздың артуын нәсіп етіп, және оның қалған айлар бойы жалғасуын нәсіп еткей.
Алла Тағала баршамыздың ұстаған оразаларымызды қабыл етсін. Бұл айда Алланың шексіз мейіріміне бөленген құлдардан болуды баршамызға нәсіп етсін!
Ақтау қалалық Ержан Хазірет мешітінің наиб имамы
Мизанбай Абдолсабыр Абдолкәрімұлы