ОБЛЫСТЫҚ МЕШІТТЕ АЛҒАШҚЫ ТАРАУЫҚ НАМАЗЫ ОҚЫЛДЫ
Қасиетті Рамазан айының басталуына орай, Маңғыстау облыстық орталық «Бекет ата» мешітінде алғашқы тарауық намазы оқылды.
Қасиетті түнде мешітке жиналған жамағат тарауық намазын оқып, дұға жасап, Рамазан айын ерекше ықыласпен қарсы алды.
Облыс бас имамы Әнуар Ізімбайұлы жиналған жамағатты Рамазан айымен құттықтап, қасиетті айдың қадір-қасиеті мен артықшылығы жайлы баяндады. Сондай-ақ, Рамазан – рухани жаңғыру мен тақуалық айы екенін атап өтіп, мешіт жамағатын ай бойы ұйымдастырылатын игі іс-шараларға белсенді қатысуға, сауапты амалдарды арттыруға шақырды.
Сонымен қатар, облыс бас имамы тарауық намазында Құран Кәрімді толық хатым жасайтын қариларды көпшілікке таныстырды. Биыл Алла қаласа ,Рамазан айы бойы облыстық мешітте тарауық намазында Алихан қари Қарасайұлы және Қайрат қари Қожағалиұлы Құран хатым оқитын болады .
Алла Тағала қасиетті айдағы құлшылықтарымызды қабыл етіп, ел тыныштығы мен берекесін арттырсын!












