blog Images

Әбіш қожа мешітінде «Дін мен дәстүр III» кітабы бойынша интеллектуалды білім сайысы өтті

Жаңаөзен қалалық орталық Әбіш қожа мешітінде жамағаттың діни білімін арттыру және салт-дәстүрімізді насихаттау мақсатында «Дін мен Дәстүр III» кітабы негізінде «IQro quiz» форматында интеллектуалдық сайыс ұйымдастырылды.

Сайысқа мешіт жамағатынан құралған бірнеше топ қатысты. Заманауи IQRO QUIZ форматы қатысушылардың шапшаңдығын, есте сақтау қабілетін және діни-танымдық білімін сынауға мүмкіндік берді.

Сайыс мақсаты – жамағат арасында кітап оқу мәдениетін қалыптастыру. Іс-шара мазмұны шариғат үкімдері мен ұлттық құндылықтардың байланысын тереңірек түсіндіруге бағытталса, ерекшелігі сұрақтардың тек діни біліммен шектелмей, тарих пен дәстүр сабақтастығын қамтуында болды.

Жарыстың қорытындысы бойынша ең мықты топтар мен белсенді қатысушылар арнайы сыйлықтар мен алғыс хаттармен марапатталды.

«Мұндай шаралар жамағатты біріктіріп қана қоймай, бос уақытты тиімді әрі біліммен өткізуге мүмкіндік береді. Біздің басты мақсатымыз – сауатты, дәстүріне берік ұрпақ тәрбиелеу», — деді наиб имам Жорақұлұлы Әбдімүтәліп.