Жаңаөзенде «Алақай, Рамазан келді!» атты рухани мерекелік шара өтті
Қасиетті Рамазан айының қарсаңында Жаңаөзен қалалық орталық «Әбіш қожа» мешіті мен жомарт демеушілердің бірлесе ұйымдастыруымен бүлдіршіндерге арналған «Алақай, Рамазан келді!» атты мерекелік кеш өтті.
Мерекелік іс-шара қасиетті Құран аяттарын оқуымен басталып, Жаңаөзен қаласының бас имамы Қажымұқан Далубайұлы жиналған жамағат пен балаларды мүбәрак Рамазан айымен құттықтады. Өз сөзінде имам бала тәрбиесінің маңыздылығына, адалдық пен имандылықтың қоғамдағы орнына тоқталып, өскелең ұрпаққа рухани құндылықтарды ұғындыру қажеттігін атап өтті. Іс-шара соңында имам балалар мен олардың ата-аналарына елдің амандығы мен жарқын болашағы үшін арнайы батасын берді.
Бағдарлама барысында балалардың зейінін арттыру және ой-өрісін кеңейту мақсатында түрлі қызықты бөлімдер өткізілді: діни және логикалық сұрақтар, мақал-мәтелдер арқылы тіл байлығы мен тапқырлықты дамыту ойындары, пазл құрастыру және топтық жарыстар.
Шара аясында 300-ден астам балаға қайырымдылық сыйлықтары үлестіріліп, «Ислам және адал қоғам» бағытының көрінісі ретінде балаларға қуаныш сыйланды. Іс-шараның жоғары деңгейде өтуіне мешіт ұжымы мен қаланың жомарт демеушілері үлкен үлес қосты. Ұйымдастырушылар барша қатысушы және демеушілерге алғысын білдіріп, олардың сауапты ісіне береке тіледі.
«Балалардың жүзіндегі күлкі – ең үлкен марапат. Сауапты іске үлес қосқан демеушілеріміздің кәсіптеріне береке тілейміз», – деді мешіт ұжымы.














