blog Images

«Әбіш қожа»мешітінде Рамазанға дайындық семинары өтті

​​Қасиетті Рамазан айының қарсаңында Жаңаөзен қалалық орталық «Әбіш Қожа» мешітінде өткен екі күндік танымдық семинар өз мәресіне жетті.
​«Рамазанға дайындық» атты бұл шараға қала тұрғындары мен мешіт жамағаты белсене қатысты. Екі күн бойы білікті ұстаз Берік Өтеген ораза құлшылығына қатысты ең өзекті әрі жиі қойылатын сұрақтарға жауап беріп, қатысушылардың білімін толықтырды.
​Семинардың басты тақырыптары:
​Семинар барысында оразаның шарттары мен қағидалары егжей-тегжейлі талқыланды. Атап айтқанда:
​Оразаның негіздері: Ниет етудің маңыздылығы, сәресіге тұра алмаған жағдайдағы үкімдер және оразаның кімдерге парыз екендігі түсіндірілді.
​Қазіргі заман мәселелері: Ораза кезінде ине (укол) салдыру, көзге дәрі тамызу, тамақтың иісін иіскеу секілді күнделікті тұрмыста кездесетін жағдайлардың оразаны бұзатын-бұзбайтыны туралы нақты пәтуалар айтылды.
​Қаза және каффарат: Оразаны себепті немесе себепсіз бұзудың салдары, қаза өтеу мен айыппұл (каффарат) төлеу тәртібі түсіндірілді.
​Рухани дайындық
​Семинардың мақсаты — жамағатты алда келе жатқан қасиетті айға тек физикалық тұрғыдан емес, сонымен қатар терең біліммен, рухани дайындықпен келуге үндеу болды. Құптан намазынан кейін еркін форматта өткен кездесуде қатысушылар өздерін мазалаған жеке сұрақтарын қойып, ұстаздан тұщымды жауаптар алды.
​”Рамазан — сауаптар еселенетін ай. Сондықтан бұл айды біліммен бастау, қателіктерге бой алдырмау әрбір мұсылман үшін маңызды,” — деп атап өтті ұстаз Берік Өтеген.
​Жаңаөзен қалалық орталық «Әбіш Қожа» мешіті алдағы уақытта да жамағаттың діни сауаттылығын арттыруға бағытталған осындай танымдық шараларды жалғастыра бермек.