Рамазан қарсаңында мешіт асханасының дайындық жұмыстары пысықталды
Қасиетті Рамазан айы қарсаңында Жаңаөзен қаласының бас имамы Қажымұқан Далубайұлы Рахат ауылдық Оразмағанбет ахун мешітіне арнайы барып, асхананың ауызашарға дайындық барысымен танысты.
Сапардың негізгі мақсаты – Рамазан айында қауіпсіздік талаптарының сақталуын бақылау және алдын алу шараларын күшейту.
Рамазан айында мешіт асханаларына келушілер саны айтарлықтай артатыны белгілі. Осыған байланысты бас имам ас әзірленетін орындардағы техникалық және санитарлық талаптардың орындалуына ерекше назар аударды.
Тексеру барысында:
- газ және өрт қауіпсіздігі талаптары, қазандықтар мен газ жүйелерінің жай-күйі;
- тағам дайындалатын орынның тазалығы мен гигиеналық нормалардың сақталуы;
- асханадағы желдету жүйесінің тиімді жұмысы жан-жақты қаралды.
Қала бас имамы өз сөзінде:
«Рамазан — құлшылық пен береке айы. Мешітке келген әрбір жамағаттың қауіпсіздігі мен денсаулығы – басты жауапкершілік. Ауызашар беру сауапты амал болса, оның қауіпсіздігін қамтамасыз ету – негізгі талап», – деп атап өтті.
Тексеру қорытындысында мешіт қызметкерлері мен еріктілерге асхана жабдықтарын пайдалану барысында мұқият болу, өрт қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтау жөнінде нақты тапсырмалар берілді.



