blog Images

«Шаңырақ» мешіті: «Жастар және жасанды интеллект» тақырыбында семинар өтті

Жаңаөзен қалалық «Шаңырақ» мешітінде  жастарға арналған «Жастар және жасанды интеллект» атты тағылымды семинар ұйымдастырылды.

Іс-шараны мешіттің наиб имамы Дінмұхамбет Әлиұлы және №10 жалпы білім беретін мектептің информатика пәнінің мұғалімі Нуратдинов Әділбек Нұрымпатшаұлы жүргізді.

Кездесу барысында жасанды интеллект ұғымы, оның білім беру, қоғам және діни саладағы мүмкіндіктері мен ықтимал қауіптері кеңінен түсіндірілді. Жастарға цифрлық сауаттылық, ақпараттық қауіпсіздік, жалған мәліметтерден сақтану жолдары нақты мысалдар арқылы баяндалды. Сонымен қатар цифрлық этика, авторлық құқық және жеке деректерді қорғау мәселелері қозғалды.

Наиб имам өз сөзінде қазіргі заманда мұсылман жастары технологияны саналы әрі жауапкершілікпен қолдануы қажет екенін атап өтті. Діни ақпаратты тек сенімді дереккөздерден алу керектігі ескертілді.

Семинар аясында ҚМДБ ұсынған «Qajy Guide» платформасының мүмкіндіктері таныстырылып, халал саласындағы цифрлық жобалар жөнінде ақпарат берілді. Сондай-ақ заманауи жасанды интеллект құралдарын білім алу мен ізденіс барысында тиімді пайдалану жолдары көрсетілді.