blog Images

Жаңаөзен мешіттерінде Рамазанға дайындық жұмыстары пысықталды

Жаңаөзен қалалық орталық «Әбіш қожа»мешітінде Рамазан айына дайындық жиыны өтті.

Жиынға Жаңаөзен қаласына қарасты мешіт имамдары қатысып,кездесудің күн тәртібінде қасиетті Рамазан айына дайындық барысы және қоғамдық тұрақтылықты сақтау мәселелері кеңінен талқыланды.
Қала бас имамы Қажымұқан Далубайұлы Рамазан айында мешіттерде қауіпсіздік шараларын барынша күшейтуді тапсырды. Әсіресе ауызашар ұйымдастыру барысында асханалардағы тазалық, тағамның адалдығы мен сапасына ерекше мән беру қажеттігін атап өтті. Сондай-ақ жиында:

  • мешіт аумағындағы қоғамдық тәртіпті сақтау;
  • өрт қауіпсіздігі талаптарының қатаң орындалуын бақылау;
  • техникалық қауіпсіздік ережелерін жүйелі тексеру;
  • жамағаттың келіп-кетуіне қолайлы әрі қауіпсіз жағдай жасау мәселелері нақты тапсырма ретінде жүктелді.

Жиын барысында қала кәсіпкерлеріне де үндеу жолданды. Бас имам қасиетті айда рухани тазалықты сақтау мақсатында ішімдік саудасын уақытша тоқтата тұруға шақырды.

«Жаңаөзен — бірлігі мен берекесі жарасқан қала. Рамазан айында арақ-шарап саудасына шектеу қою — бұл тек діни ұстаным ғана емес, сонымен қатар қоғамдағы қылмыстың азаюына, отбасылардың тыныштығына қосылған үлес. Кәсіпкерлерді осы игі бастамаға қолдау көрсетуге шақырамын», — деді Бас имам.