blog Images

ДІНИ МАҚАЛАЛАРДА ЖИ ҚОЛДАНУДЫҢ ПАЙДАСЫ МЕН ЗИЯНЫ ЖАЙЛЫ СЕМИНАР ӨТТІ

Маңғыстау облыстық орталық «Бекет ата» мешітінде имамдар мен ұстаздарға арналған «Діни мақала жазуға жасанды интеллект құралдарын қолданудың пайдасы мен зияны» тақырыбында семинар өтті.

Жиында «Иман» журналының жауапты хатшысы Ермұрат Назарұлы жасанды интеллекттің артықшылықтары мен кемшіліктерін жан-жақты түсіндіріп, әсіресе діни бағыттағы мақалалар жазуда мұқият болу қажеттігін атап өтті.

Облыстың бас имамы Әнуар Ізімбайұлы шара шымылдығын ашып ,діни мақала,діни ақпарат әзірлеуде жауапкершілік жоғары болуы керектігін атап өтіп, ақпаратты тексеріп қолдану, әсіресе әлеуметтік желілерде сақ болып, дәлелсіз мәлімет таратпау жөнінде маңызды кеңестер айтты.

Семинар барысында ЖИ құралдарын қолдануда дереккөздердің дәлдігі, мәтіннің сенімділігі мен шынайылығы ең маңызды мәселе екені айтылды. Мысалы, автоматты жүйелер кейде Құран аяттарының нөмірін немесе аудармасын қате беруі, діни терминдерді дұрыс түсіндірмеуі, сондай-ақ белгілі тұлғалардың шығармаларын шатастыруы мүмкін екені практикалық мысалдармен көрсетілді.

Ермұрат Назарұлы өз сөзінде: «Жасанды интеллект – адам санасының орнына жүретін құрал емес. Сондықтан гуманитарлық, шығармашылық және діни бағыттағы мәтіндерде толықтай сеніп беру дұрыс емес. Мамандар ЖИ берген ақпаратты міндетті түрде қайта тексеріп, ғылыми және шариғатқа сай негізге сүйенгені жөн» ,-деді.