blog Images

«Мүтәшәбих аяттарды қалай түсінеміз?»

Құран Кәрім — Алланың адамзатқа соңғы түсірген хикметке толы сөзі. Онда ақиқат та, даналық та, рухани бағыт та бар.Құран аяттары мазмұны мен мағынасының айқындығына қарай екіге бөлінеді: мухкам және мүтәшабих аяттар.

Мухкәм дегеніміз – мағынасы анық, ашық, ешқандай астарлы мағынаны білдірмейтін, түсінілуі үшін сырттан келетін бір дәлелге мұқтаждығы жоқ аяттар.

Ал, мутәшәбиһ дегеніміз – бірнеше мағынаға ықтималы болғандықтан, нақты мағынасын білу қиынға соғатын, ғұрыптық немесе тілдік ерекшеліктерге байланысты негізгі мағынасына емес, басқа астарлы  мағынасына жорамалдауды қажет ететін аяттар.

Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): «Ақиқатында Құранда бір аят екінші аятты жоққа шығармады. Қайта бірін-бірі қуаттап келді. Құраннан білгендеріңе амал етіңдер. Білмегендеріңді оны (Құранды) түсінген ғалымдардан сұраңдар» деп, мүтәшабиһ аяттың мәнісін егжей-тегжейлі баяндауды Ислам ғұламаларының еншісіне қалдырған. Мүтәшабиһ аяттарда Алла Тағаланы пәктей отырып, ұлықтығына сай тура мағынасын ашып түсіндіру үлкен жауапкершілік.

Мүтәшабиһ аяттың астарлы мәнін іздеп, жорамал жасауға болады дегендер «Әли Имран» сүресінің мына 7-аятын да дәлел ретінде келтіреді: «Ол (Алла) саған Құранды түсірді. Онда мағынасы айқын мұхкам аяттар бар. Олар – Құранның негізі һәм тірегі. Ал басқа аяттары болса, мағынасы нақты ұғынықты емес мүтәшабиһ аяттар. Жүректерінде қыңырлық бар жандар «қалай бүлік шығарып (жұртты адастырамыз), жорамал жасаймыз» деп мүтәшабиһ аяттардың соңына түседі. Шын мәнінде, оның нақты жорамалын тек Алла және ғылымда тереңдегендер біледі де, «Біз бұл кітапқа (мұхкамы мен мүтәшабиһына) толықтай иман келтірдік. Барлығы Алланың құзырынан» дейді».

Қорытындылай айтқанда, Құран аяттарының мухкәм және мүтәшәбих болып бөлінуі — Алланың кітабындағы даналықтың бір көрінісі. Мухкам аяттар мұсылман үшін анық жолды, үкімдер мен қағидаларды айқындаса, мүтәшәбих аяттар адамның ойлануына, ізденуіне және сенімінің беріктігін нығайтуға мүмкіндік береді. Ғұламалардың бұл аяттарға қатысты ұстанымдары да Ислам ғылымының тереңдігін көрсетеді: негізгі мақсат — Алланы жаратылысқа ұқсатпай түсіну және Құранның әрбір сөзін құрметпен қабылдау.

Мұсылман баласы Құранды оқығанда, бір жағынан айқын үкімдерге амал етіп, екінші жағынан түсінігі күрделі аяттарда сабырмен, сеніммен, ғалымдардың жолына сүйеніп әрекет етуі — өте маңызды. Осылайша Құранның рухани нұры адам жүрегіне толықтай жетіп, иманның кемелденуіне себеп болады.

Мүтәшәбиһ аяттардың терең мағынасына шамадан тыс бойлау — қауіп, ал оны мүлде қабылдамай тастау — қателік. Екі жағдайда да шектен шығу бар. Сондықтан мұсылман үшін ең дұрыс жол — ғалымдарымыз үйреткен қағидаларға сүйеніп, олардың түсіндірмесін негіз ету. Яғни, «бұл аяттардың шынайы мәнін Алла жақсы біледі, біз ғалымдардың көрсеткен жолымен амал етеміз» деген ұстаным — ең қауіпсіз әрі дұрыс ұстаным.

Жаңаөзен қаласы Теңге ауылдық Қосай ата мешітінің бас имамы 

Нұрмұхаммед Бахарамұлы