blog Images

ҚҰРБАН АЙТ-ҚҰТТЫ МЕРЕКЕ

Аса Қамқор, ерекше Мейірімді Алланың атымен бастаймын!

Мұсылман жұртшылығының ұлық мерекесі, қасиетті Құрбан айтқа да санаулы күндер қалды. Әрбір мұсылман бұл қасиетті күндерді асыға күтіп, жағдайы келген адам құрбан шалып, айт мерекесімен өзгелерді құттықтап, қайырымды істер атқаруға тырысады.Құрбан айт – шынайы ниет пен Аллаға деген сүйіспеншілікті паш ететін мейрам. Ұлық мерекенің тәрбиелік мәні мен мағынасы тереңде жатыр.

Дінімізде бұл мерекенің алар орны айрықша. Өйткені, қасиетті Құрбан айт елдің бірлігін күшейтіп, өзара бауырластықты арттырады. Асыл дінімізде дәріптелген діни дәстүр ғасырлар бойы халқымыздың қанына сіңіп, Ұлы дала төсіндегі ұлық мерекеге айналды. Құрбандық – үлкен тарих, ұлы ғибадат. Құрбан айт мерекесі тарихының тамыры сонау Ибраһим (ғ.с.) пайғамбар заманынан бастау алады. Құрбан шалу – пайғамбарлар атасы Ибраһимнің (ғ.с.) сүннеті. Алайда, құрбандық дəстүр кейінгі мұсылман үмбетке де мұра болып қалды.

Алла Тағала мұсылман жұртына нәсіп еткен бұл мейрамда мұсылмандар жуынып, таза да жаңа киімін киіп, хош иісті әтірін сеуіп, мешітке айт намазына келеді. Айт намазын оқып болғаннан кейін бір-бірін мүбәрак мерекемен құттықтап, құшақ жайып, өкпе-реніші болса кешіріп, бауырмалдылықпен қауышады. Сондай-ақ, мейрамның аты айтып тұрғандай, Алланың разылығы үшін жүрегі ізгі жандар құрбандық малдарын сойып, етінен тұрмысы төмен отбасыларға таратады. Мүмкіндігінше садақасын да мұқтаж жандарға береді. Айта кетер нәрсе, Айт мерекесін мұсылман қауымының көп болып тойлауының, думанды етіп өткізуінің еш әбестігі жоқ. Тек шариғат шеңберінен шығатын қылықтарға, дарақылық пен ысырапшылдыққа жол бермеулері керек. Таң азанымен мінәжат етуден басталатын мереке қазақ даласында өзіне жарасымды сән-салтанатымен имандылық думанына жалғасады.

Құрбан айт – шынайы ниет пен Аллаға деген сүйіспеншілікті паш ететін мейрам. Ұлық мерекенің тәрбиелік мәні мен мағынасы тереңде жатыр. Қасиетті Құранда: «Ұмытпаңдар, олардың еті де, қаны да ешқашан Аллаға жетпейді. Оған жететін нәрсе – жүректеріңізге ұялаған тақуалықтарың (шынайы ниеттерің)» («Хаж» сүресі, 37-аят), – делінген. Аятта айтылғандай, Құдай жолында жақсылық жасауға ниеттенген пенде бұл амалды риясыз оймен орындайды.

Айтулы мейрамда ағайын-жұрт бір-біріне «Құрбан айт құтты болсын, айт қабыл болсын» айтып, жылы лебіздері мен ізгі тілектерін арнаған. Көрші мен туысқанға айттап бару, қадірлі қонаққа айттық беріп, үлкеннің алғысы мен батасын алу – сонау заманнан жалғасып келе жатқан мұсылмандық дәстүріміз.

Құрбан айтты атап өтудің негізгі мақсаты – мұсылмандар арасында өзара мейірімділік, жомарттық, қайырымдылық, қанағат сынды адамгершілік құндылықтарды қалыптастыру. Алланың рақым нұры төгілетін берекелі сәттерде халқымызға жақсылық жасап, көпшіліктің ризашылығына бөленейік.

Алла Тағала барша мұсылман қауымның шалған құрбандығын қабыл етіп, күнәләрін кешіргей, түрлі пәле-жаладан, ауру-сырқаттан сақтап, екі дүниенің игілігін нәсіп еткей!

ҚМДБ Маңғыстау облысының бас имамы

Әнуар Ізімбайұлы