Жаңалықтар

Мұнайлы ауданы: «Миғраж» мешітінде «Алланың көркем есімдері» атты жарыс өтті

Біздің сүйікті пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) өзінің бір хадисінде: «Ақиқатында, Алланың жүзден бірі кем – тоқсан тоғыз есімі бар. Кім оны түгендеп шықса, жәннатқа кіреді», – деп айтқан (Бұхари, Муслим).

Ардақты пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) осы хадисін басшылыққа алған Мұнайлы ауданы Маңғыстау ауылдық «Миғраж» мешітінің жанындағы әйел-қыздар бөлімі қыз шәкірттер арасында «Алланың көркем есімдері» атты жарыс өткізді.

Жастардың жат ағым жетегінде кетпеудің алдын алу, ұлттық құндылықтарды насихаттау, діни білімді арттыру мақсатында ұйымдастырылған жарысқа Мұнайлы ауылдық «Миғраж» мешітінің ұстазы Әлеухан Ұлболсын, сондай-ақ «Миғраж» мешітінің жанындағы «Асыл аналар» әжелер мектебінің белсенді мүшелері Сүйесінова Несібелі және Мұқашева Аягөз сияқты қажы апаларымыздан құралған қазылар алқасы төрелік етті.

Жарыс қатысушылары бірінші кезеңде Алланың көркем есімдерін рет-ретімен жатқа айтса, екінші кезеңде Раббымыздың көркем есімдерінің мағынасына қатысты сұрақтарға жауап берді. Екі кезеңнен сүрінбей үшінші кезеңге өткен үміткерлер Алланың зати һәм субути сипаттарына қатысты сауалдарға жауап беруге тырысты.

Әділ қазылардың шешімімен Ермекова Гүлжан І орынды, Кашиева Рая – ІІ орынды және Сақтағанова Гүлнұр – ІІІ орынды иеленді.

Жүлделі орын иелерінің әрқайсысына мақтау қағазы мен арнайы сыйлықтар табыс етілді. Барлық қатысушыларға «Асыл аналар» және «Тайм менеджмент» кітаптары және аталмыш жарысқа қатысқан екі бүлдіршінге (5 және 8 жас) қуыршақтар сыйға берілді.

Ұқсас жазбалар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button
Close