Жаңалықтар

Маңғыстау имамдары сертификат алды

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының елдегі қоғамдық тұрақтылықты қамтамасыз етудегі маңызды жұмыс бағыттарының бірі – деструктивті және радикалды діни ағымдар идеологиясының таралуының алдын алу және осы идеологиядан зардап шеккен жандармен оңалту жұмыстарын жүргізу болып табылады. Осы орайда, 16-18 қазан күндері Ақтау қаласында Маңғыстау өңірінің имамдары біліктілікті арттыру семинар-тренингіне қатысты.

Семинар-тренинг барысында Маңғыстау аймағына қарасты мешіттердің имамдары мен ұстаздарына зорлық-зомбылық экстремизмімен күреске қатысты мемлекеттің бастамалары туралы ақпаратқа қоғамның қол жеткізуін жақсарту, ақпараттың ашық және қолжетімді болуына көмектесу, киберқауіпсіздік және фишинг мәселелері бойынша дәрістер оқылды.

Дәрістер топтамасын тәжірибелі мамандар, атап айтқанда желілік қауіпсіздік маманы Марат Ищанов және  танымал журналист Дина Төлепберген өткізді.

Біліктілікті арттыру курсының аяқталуына орай, семинар-тренинге қатысқан имамдар мен ұстаздарға сертификат табысталды. Іс-шараға ҚМДБ-ның Маңғыстау облысы бойынша бас имамы Әнуар қажы Ізімбайұлы арнайы қатысты.

«Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының басшылығымен әр өңір имамдары деструктивті және радикалды діни ағымдар идеологиясының таралуының алдын алу бойынша көптеген жұмыстар атқаруда. Осы орайда, өңіріміздің имамдарының біліктілігі мен тәжірбиесі жоғары деңгейде болуы керек. Аталмыш семинар-тренингті ұйымдастырғандарыңыз үшін, Маңғыстау өкілдігі атынан алғыс білдіреміз», деп бас имам Әнуар Ізімбайұлы шара ұйымдастырушыларына рахметiн айтып, оларға сый-сияпат жасады.

Өңіріміздің имамдары семинар-тренинг жұмысына белсенді түрде қатысып, өздерінің қызметіне қажетті мәліметтермен толықтай танысты.

Ұқсас жазбалар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button
Close