Жаңалықтар

Halaldamu.kz сайты жаңартылды

«Халал Даму» стандарттау және сертификаттау ұйымының halaldamu.kz ресми сайты жаңартылды. Сайттың жаңа нұсқасы ұйым басшылығы мен облыстық жергілікті инспектор-бақылаушылардың кезекті онлайн жиналысында таныстырылды.

Жиынға Бас мүфтидің кеңесшісі Балтабай Уәжитұлы, «Халал Даму» директоры Айбек Асқарбекұлы және технолог мамандар мен облыстық өкілдер қатысты.

Басқосуда жаңартылған сайт пен «Халал Дамудың» жұмыс барысы талқыланып, өңірлік өкілдердің есептері мен жыл басынан бері жүргізген шараларына шолу жасалынды. Алдағы уақытта атқарылатын шаралар жоспары таныстырылды.

«Халал Даму» директоры Айбек Асқарбекұлы:

«Халық игілігі үшін асыл дініміздің жолында атқарып жатқан еңбектеріңізге Алла разы болсын! Отандық халал индустриясының дамуы сіз бен біз секілді дін жанашырларының ерен еңбегін талап етеді. Осы уақытқа дейін бір  жағадан бас, бір жеңнен қол шығара отырып, бірлескен жұмысымыздың нәтижесінде 400-дей  компания «ҚМДБ халал» стандарты бойынша жұмыс жасап келеді. Біз үшін сан емес – сапа, сертификатталған кәсіпорындар жұмысының ай сайын тұрақты қадағалануы, лабораториялық тексерістің жүргізілуі, сенім артқан халықтың аманатын өз деңгейінде орындау – маңызды. Дегенмен де, күнделікті тұтынатын өнім түрелерін арттыру, алыс-жақын өңірлердегі «ҚМДБ халал» азық-түлік тапшылығын шешу мақсатында, әлі де болса біраз тер төгуімізге тура келеді. Сонымен қатар, Елбасының «Жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша отандық ет өнімдерін Парсы шығанағы елдеріне экспорттап, ауылшаруашылық саласын дамыту мақсатында, Біріккен Араб Әмірліктерінің ESMA ұйымынан аккредиттеуден өту тапсырмасын жүйелендіруіміз қажет», – дей келе күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді көтеріп, облыстық өкілдер мен мамандар талқылауына ұсынды.

Өз кезегінде сөз алған өңірлік инспектор-контролер мамандар өңірлердегі халалдың хал-ахуалымен таныстырып, алдағы жоспарларымен бөлісті.

Мамандардың білімін жетілдіру, ақпараттық үгіт-насихат шараларын арттыру, «ҚМДБ халал» кәсіпорындар көлемін ұлғайту, қасапхана мен қасапшылар жұмысын біріздендіру, «ҚМДБ халал» логотипін заңсыз пайдаланушыларға қатысты құқық қорғау жұмыстарын қаталдандыру мәселелері талқыланды.

Ұқсас жазбалар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button
Close