Жаңалықтар

«Ел үлесі – пәтерге»: Ақтауда 343-ші баспананың кілті табыс етілді

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының «Зекет» қорының Маңғыстау облысындағы филиалының ұйымдастыруымен «Ел үлесі – пәтерге» жобасы аясында Ақтау қаласында 343-ші пәтердің кілтін табыстау шарасы өтті.

Еске салайық, осыдан біраз уақыт бұрын әлеуметтік желілерде 8 сынып оқушысы Қалжан есімді бойжеткеннің өмірлік жағдайына қатысты видео тараған болатын. Осы уақытқа дейін, әкесінің мүгедек болуы және өзге де тағдыр тауқыметінің ащы дәмін татса да, Жаратушыға деген сенімін жоғалтпай, еш мойымаған қазақ қызының жағдайы кімді болса да алаңдатпай қоймады. Нәтижесінде, дін қызметкерлері бастап, жергілікті жомарт жандар қостап, елдің көрсеткен демеушілігінің арқасында ҚМДБ – ның Маңғыстау өңірі бойынша бас имамы Әнуар Ізімбайұлы Қалжан қарындасымызға баспана кілтін табыстады.

Аталмыш қайырымдылық шарасына Маңғыстау облысының құрметті азаматы, өңірімізге белгілі ақсақал Сақып Керелбаев және Маңғыстау облысының құрметті азаматы, тарихшы, өлкетанушы, шежіреші Алқажан Еділхантегі арнайы қатысып, игі шараға ұйытқы болған халыққа алғыс айтып, Қалжан қарындасымызға ақ батасын берді. Сондай-ақ, игі шараға қоғам белсендісі, блогер Нұржігіт Нұрболатұлы мен «Zaman» қайырымдылық қорының басшысы Мақсат Заманбекұлының да қатысқанын айта кеткен жөн.

Қайырымды әрі сауапты іске атсалысқан барша азаматтарға алғыс білдіреміз. Алла сіздерден разы болып, отбасыларыңызға ұзақ әрі мәнді ғұмыр нәсіп етсін!

Айта кетейік, 2020 жылы «Ел үлесі пәтерге» республикалық жобасы аясында 142 баспана берілсе, соның 15-і Маңғыстау облысында табысталды.

Ұқсас жазбалар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button
Close