Жаңалықтар

Бас имам Оғландыға арнайы зиярат жасады

Кеше облыс әкімі Серікбай Трұмов, Маңғыстау облысының бас имамы Ануар Елжанов және бір топ ақсақалдар Бекет атаның 270 жылдығы аясында, Оғландыдағы Бекет ата мешітіне барып арнайы зиярат жасады.

Сапар барысында Бекет атаға баратын жолдың құрылысы жөнінде «Ақжол құрылыс» компаниясының өкілі баяндама жасады. Ата жолының құрылысы 2017 жылы басталып, екі кезеңмен жүргізіліп 2020 жылдың тамыз айында аяқталған. Төселген 97 шақырым жол 4-ші санатты жолға, яғни халықаралық стандартқа сай жасалған.

Ауыл ақсақалдары алдымен Шопан ата мешітіне аяқ басып, кейін Бекет ата кешеніне зиярат жасады. Екі мешіт арасындағы қашықтық 70 шақырым. Шопан ата мешіті – Қызылсу жерінде орналасқан көне ескерткіштердің бірі. Мешіт жартас алқабынан ойылып жасалып, ғибадат орталығы ретінде пайдаланылған. Ескерткіш 12 бөлмеден тұрады. Әрбір бөлменің өзіндік мәні бар. Бүгінде онда реставрациялық жұмыстар жүргізіліп, ауыз су тартылған.

Үстірт қыратының шекарасында орналасқан мешітке жасалған сапар барысында, ауыл үлкендері қазақтың батыры, ағартушы, сәулетші Бекет Мырзағұлұлы туралы естеліктер айтып, пандемия аяқталғаннан кейін, абыз атамыздың мерейтойы өз деңгейінде аталып өтетінін айтып өтті.

«Бекет Атаның 270 жылдығы өте маңызды дата. Әлемде орын алған жағдайға байланысты, аталмыш мерейтойдың өтуі кейінге қалдырылып отыр. Атамыздың асыл еңбегі мен ерекше қасиеттерін насихаттау мақсатында алдағы аптада Ш. Есенов атындағы университетте онлайн конференция ұйымдастырылып жатыр», – деді өз кезегінде ҚМДБ-ның Маңғыстау облысы бойынша бас имамы Ануар Елжанов.

Айта кетейік, үстіміздегі жылдың 19-шы ақпан күні Маңғыстау облысына қарасты 35 мешіт имамдары Құранды 35 рет Хатым етіп, Оғыландыдағы Бекет ата мешітінде Құран хатым дұғасын жасаған болатын. Осы орайда, дін қызметкерлерінің өңіріміздегі киелі жерлерді зиярат етуі – игі дәстүрге айналды десек, артық айтқан болмаспыз.

Ұқсас жазбалар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button
Close