Мақалалар

Жамандыққа бұйырушы сыншыл нәпсі

Хәкім Абайдың «Жас бала анадан туғанда екі түрлі мінезбен туады: біреуі: «ішсем, жесем, ұйықтасам» деп тұрады. Бұлар – тән құмары, бұлар болмаса тән жанға қонақ үй бола алмайды. Һәм өзі өспейді, қуат таппайды. Біреуі – білсем екен демеклік…» дегеніндей, нәресте ең әуелі тән қажеттілігіне мұқтаж. Сондықтан да нәпсі қасиеті ақылдан бұрын дамиды.

Әбу Һұрайра (р.а.) риуаят еткен бір хадисте Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Әрбір туған нәресте Ислам болмысымен туады»– деп айтқандай, адамда иман да, ақыл да болады. Ал Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Жеті жасында намаз үйретіңдер», – деген сөзіне сай ата-ана нәресте ойын баласы жасына жеткенде ақылын нәпсісінен жоғары қойдыруды үйретеді. Осы кезеңнен бастап иман, ақыл және нәпсінің бірі адамның бойында басым дамиды. Осыған қарай адамның келешек тағдырында аса маңызды рөл атқарады. Енді осы туа біткен әуелгі қасиет нәпсі дегеніміз не?

Пенде иманы күшті, нағыз мұсылман болуы үшін нәпсісін түбегейлі өлтіріп тастауы керек пе? Әлде нәпсіге бас көтерерлік шама бермей, тоқтаусыз намаз оқып, үзбей ораза тұтуы шарт па? Шындығына келгенде, нәпсі – біздің болмысымыз. Нәпсі – біздің тамақтануға, демалуға деген қалауымыз. Абай айтқандай: «Бұлар – тән құмары, бұлар болмаса тән жанға қонақ үй бола алмайды. Һәм өзі өспейді, қуат таппайды». Демек нәпсі тәрбиеге мұқтаж. Жүгенсіз кеткен нәпсі жалқау, жатыпішер келеді. Нәпсінің еркі өзіне берілсе, арам рахаттардың барлығын татып шығуға бар. Нәпсі ұят пен арды білмейді. Сондықтан оны жөнге салып, иман мен ақылға қызмет етуге баулу қажет. Нәпсі қиындыққа шыдас бермегендіктен, көбіне жаман қасиеттерге бейім келеді. Ілгерідегі данышпандар «Кім өзіне Алладан артық дос бар деп ойласа, Алла Тағала жайлы танымы аз болғаны. Кімнің өзіне нәпсісінен артық дұшпан бар деген ойы болса, нәпсісін дұрыс білмегені» деген екен.

Ақыл мен нәпсінің күресі – адам бойындағы жақсы һәм жаман қасиеттерінің күресі. Хақ Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Тәбук жорығынан қайтып келе жатып: «Кіші жиһадтан (яғни жорықтан) үлкен жиһадқа (яғни нәпсі күресіне) оралдық», – деген. Расында «Біреуді жеңген мықты емес, ашу үстінде өз-өзіне ие болған адам мықты», дегендей адамға өзін-өзі жеңуі – ең қиын іс. Алайда қиын болғанымен атқаруы мүмкін емес шаруа қатарына жатпайды.

Хасан әл-Басри: «Жиһадтың ең абзалы – нәпсімен күресу», – деген. Адам өз нәпсісін тәрбиеге салып, тізгіннің бір ұшын – иманға, екіншісін ақыл-
ға берсе, Алла Тағала құзырында жүзі жарық болмақ. Адам баласы нәпсісін Алла Тағалаға ғибадат ету және ізгі амалдар жасау арқылы тазартады.

Құран Кәрімде: «Сонда оған (яғни нәпсіге) жамандық әрі тақуалық қабілетін бергенге серт. Расында нәпсісін тазартқан кісі құтылды. Әлдекім оны кірлетсе, қор болды», – деп атап көрсетілген. Осы аят тәпсірінде: «Алла Тағала нәпсіге азғындық пен тақуалық жолын танытқан. Жаман мен жақсының не екенін нәпсіге түсіндірген», – делінген. Осы түсінікке сай мағынада Әбу Һұрайра (р.а.): «Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Сонда оған жамандық әрі тақуалық қабілетін бергенге серт» аятын оқып: «Я, Алла! Нәпсіме тақуалық бер. Нәпсімді пәкте. Сен ең жақсы пәктеушісің. Сен жанымның Иесісің», – деп дұға жасады», – деген риуаят жеткізген. Осылайша Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бізге нәпсіні қалай тәрбиелеу керектігін үйретті.

Сондай-ақ Зайд бин Арқам (р.а.) Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Аллам, мен Сенен әлсіздік, жалқаулық, кәрілік, қорқақтық, сараңдық атаулыдан және қабір азабынан сақтауыңды сұраймын. Я, Алла, нәпсіме тақуалық бер. Нәпсімді пәкте. Расында, Сен ең жақсы пәктеушісің. Сен жанымның Иесісің. Аллам, мені тақуалығы жоқ жүректен, тойымсыз нәпсіден, пайдасыз ілімнен, қабыл болмайтын дұғадан сақтауыңды сұраймын», – деген дұғасын жеткізген. Хадисті жеткізуші Зайд (р.а.) сөзінің соңында Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Осы сөздерді бізге үйреткен, ал біз сіздерге үйретіп отырмыз», – деген екен.

Құран Кәрімде нәпсінің бірнеше түрі айтылған. Солардың кейбірін атап өтейік.

Жамандыққа бұйырушы нәпсі. Бұл көп адамда кездеседі. Жүсіп (ғ.с.) пайғамбар: «Нәпсімді ақтамаймын. Расында, нәпсі жамандыққа бұйырады», –деген. Нәпсіге қалау берілсе, ол тек рахатты аңсайды. Ешуақытта құлшылыққа үндемейді. Бұрынғы хәкімдер мынадай ғибратты сөз қалдырған: «Расында, шәһуат (нәпсі құмарлық) патшаларды құлға айналдырады, ал сабырлық құлдарды патшаға айналдырады. Жүсіп пен Зылиханың қиссасын білмейсіз бе?».

Расында адамның сәтсіздіктерінің басты себепкері – нәпсіге бой алдыру. Құлқынның құлы болып, өмірін құрдымға жіберіп жатқан қаншама пенделер бар. Нәпсінің дегенімен жүріп, абыройдан айырылған жандар қаншама? Өйткені нәпсі тек жамандыққа үндейді. Жақсылықты, ізгілікті нәпсінің жаны сүймейді.

Сыншыл нәпсі. Бұл жақсы адамдардың бойынан табылады. Құран Кәрімде: «…сөгіс беруші нәпсіге серт», – деп айтылған. Хазіреті Омардың (р.а.): «Есеп алынбай тұрып, өзіңе-өзің есеп бер», – деген өсиеті осындай нәпсі мәртебесіне жеткізері хақ. Хасан әл-Басри: «Расында, мүмін деп өзінің нәпсісін сынаушы адамды айтатынбыз. Ол өзіне «Айтқан сөзіммен нені қаладым, жеген тамағыммен нені қаладым» деп үнемі өзін сынап отырады. Ал пасық болса, қадам басқан сайын жақсылықтан ауытқи береді, өзін бұл үшін жазғырмайды», – деген екен.

Сыншыл нәпсі – шынайы мұсылманның нәпсісі. Түзу жүретін мүмін өзінің әр іс-әрекетіне үнемі сын көзбен қарайды. Әрдайым сөзі мен іс-қимылына есеп береді. Ал екіжүзді адам өз әрекетіне ешуақытта өкінбейді. Кісінің көңілін сөзімен ренжітсе де, әрекетімен біреуге зияны тисе де, өзін ешқашан кінәлап, жазғырмайды. Керісінше, жайбарақат жүре береді. Ғұлама Мужаһид сыншыл нәпсі жайлы: «Ол жамандық істесе, неге істедің деп жазғырады, ал жақсылық істесе, неге көбірек істемейсің деп сөгетін нәпсі», – деген екен.

Жаны жай тапқан нәпсі. Құран Кәрімде: «Әй, орныққан нәпсі», – деп бұйрық етілген. Тәпсіршілер «бұл аят Осман бин Аффан (р.а.) жайлы түскен» десе, кейбір ғалымдар «Хамзаға (р.а.) қатысты түскен» деген. Сонымен қоса, Сағид бин Жабир (р.а.) мынадай оқиғаны баян етеді: «Бір кісі Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) құзырында: «Әй, орныққан нәпсі!» – аятын оқыды. Мұны естіген Әбу Бәкір (р.а.): «Уа, Алла елшісі! Бұл қандай тамаша аят», – деп таңырқады. Сонда Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Уа, Әбу Бәкір! Расында, періште бұл сөзді саған айтады», – деген екен.

Хақ елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір кісіге: «Я, Алла, мен Сенен жай тапқан, Сенімен кездесетін күнге иман еткен, тағдырға риза болған, бергеніңе қанағат еткен нәпсі сұраймын», – деп айт», – деді. Әрбір мұсылман «нафсул-лаууама», яғни сыншыл нәпсі иесі болғанды қалайды. Алайда бұл дәрежеге жету жолындағы талаптарды орындағысы келмейді. Адамдардың көбі – «нафсун аммарат бис-су», яғни жамандыққа бұйырушы нәпсі иесі. Алайда оны мойындағысы келмейді. Аталған үш нәпсі сипаттамасына қарап өзінің қай топқа жататынын ажырата алады. Данышпандар «Кімнің бойын нәпсісі жаулап алса, құштарлығының құлына айналады. Құмарлық қақпанына тап болып, нәпсісі ол адамның аяқ-қолын тұсаулап, қалаған жағына сүйрейді. Мұндай адамның жүрегі құлшылық пайдасынан мақұрым қалады» деген екен.

Көкірегі ашық адам өзінің айыбын айқын көріп тұрады. Айыбы мен қате-кемшілігі неден, қай тұстан екенін аңғарса, оны түзетуге болады. Өкінішке қарай, адам баласы өз нәпсісінің қателігін көрмейді. Көргісі де келмейді. Керісінше, діндес бауырының көзіндегі қылды тез байқап, өзінің көзіндегі томарды сезбейді. Ал нәпсінің қателігін түзеткісі келген пенде төрт тәсілдің бірін қолданғаны жөн.

Бірінші. Ұстаздың құзырында дәріс алу. Өмірде көпті көрген, көкірегі ашық дана ұстаз тәрбиесіндегі шәкірт нәпсісінің кемшілігін тез түзетуге мүмкіндігі бар. Ұстаз шәкірттің әуелі қатесін көрсетіп, сосын оны жою жолын да үйретеді.

Екінші. Діндар, шыншыл және көкірегі ояу кісімен дос болу. Ханафи ғұламаларының бірі Дәуіт әт-Тои адамдардан оқшауланып өмір сүре бастаған көрінеді. Оның бұл әрекетінің себебін: «Ел арасынан неге кетіп қалдыңыз?», – деп сұрағанда ол кісі: «Менің айыбымды айтпайтын елде қалайша тұрамын?» – деп жауап берген екен. Мұндай дос өз бауырына «дос жылатып айтады» дегендей ащы сынды бетіне айта алады. Мұндай шын пейілді дос жолдасының сөзіндегі қателік немесе ішкі-сыртқы әрекетінің айыбын ескертеді. Бұл әдісті көбіне ғұламалар мен данышпандар қолданған. Хазіреті Омар (р.а.): «Менің айыбымды айтқан адамға Алла рақымет етсін», – деген.

Алайда бұл заманда кісі нәпсісінің айыбын айтып, түзетуге көмек беретін дос тым аз. Дос деп атанып жүргенімен кейбірі іштарлық көрсетеді. Қазіргі таңда керісінше, ақыл-кеңесін айтқан, айыбымызды көрсеткен адам ең жаман адам болып шыға келеді. Бұл иманымызды әлсіретуге алып барады.

Үшінші. Дұшпан сыны. Дұшпанның тілінен шыққан ащы сын арқылы кісі өзінің кемшілігін түзетуі мүмкін. Кісі ашуланған шақта ішіндегі барлық ойын жайып салары мәлім. Кейде бұл жағынан жағымпаз достан жау болған дұшпанның пайдасы көбірек тиіп жатады. Жағымпаз дос көбіне кісі кемшілігін жасырып, өтірік-шынын араластырып мақтауға беріліп кетеді.

Сондықтан да көреген адам дұшпанының айтқан сөзіне де құлақ түреді. Керек жерін өз нәпсісін түзету үшін пайдаланады.

Төртінші. Адамдармен етене-жақын араласу. Адамдардың жаман іс-әрекетін көрген кезде сол амалды өз бойынан іздейді. «Мүмін – мүміннің айнасы» дегендей, өзгенің айыпты ісін көру арқылы өз қате-кемшіліктерін байқайды. Иса (ғ.с.) пайғамбардан «Әдептілікті сізге кім үйретті?» деп сұрағанда ол: «Маған ешкім әдептілікті үйреткен жоқ. Надан кісінің бойынан бір әдепсіздік көрген кезде сол әрекеттен сақтанушы едім», – деп жауап берген екен.

Шал ақынның «Ақыл – қойшы, иман – қой, нәпсі – бөрі, Бөріге қой алдырмас ердің ері» дегеніндей, нәпсі жетегіне ілеспей, құрдымға итермелейтін құмарлықты құрықтап, баршамыз нағыз мұсылман болуымыз қажет-ақ.

Наурызбай қажы ТАҒАНҰЛЫ,

ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти

«Иман» журналы, №10, 2020 жыл

Ұқсас жазбалар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button
Close