Мақалалар

Жамағат – бірлік, үйлесімділік, тұтастық!

Барлық мақтау мен мадақ бүкіл әлемдердің Жаратушысы Аллаға болсын. Оның игілігі мен сәлемі екі дүниенің сардары, адамзаттың ардақтысы, сүйікті пайғамбарымыз Мұхаммедке, оның отбасына және де қияметке дейін оның артынан ізгілікте еруші үмметіне болғай!

Біз өзіміз өмір сүретін ортада бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтау үшін береке-бірлікті қажет етеміз. Ол үшін Раббымыздың бұйрықтарын орындап, ардақты пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өмірін үлгі етіп, соған сәйкес әрекет етуіміз керек.

Бұл туралы Құранда:

«Барлығың да Алланың желісіне (яғни хақ дініне) мықтап жармасыңдар және өзара бөлінбеңдер. Сондай-ақ Алланың өздеріңе (үйіп-төгіп) берген нығметін естеріңе алыңдар. Кезінде біріңе-бірің бітіспес дұшпан едіңдер, ал бүгін Алла тағала жүректеріңді жарастырды. Сөйтіп, Оның (иман, хақ дін Ислам сынды) баға жетпес нығметінің арқасында біріңе-бірің бауыр болдыңдар. Сондай-ақ кезінде сендер тозақ шыңырауының шетінде тұрған едіңдер, алайда Алла сендерді одан сақтады. Сендер тура жолға түссін деп, Алла өзінің аяттарын осылайша ашық баяндайды» («Әли Имран» сүресі, 103 аят), деп айтылады.

Яғни, Алланың жіберген сеніміне берік болып, соның негізінде діни және дүниелік істерімізді реттеу – мұсылмандар арасында өзара сыйластық пен сүйіспеншілікке әкеледі. Құрмет пен махаббат болған жерде бірлік, үйлесімділік, тұтастық орнайтыны сөзсіз.

Мұсылмандар өзара құқықтарын тек сенім және білімнің арқасында құрметтей алады. Жеке тұлға ретінде жамағаттағы (қоғамдағы) бірлікті қалыптастыру бойынша өз міндеттерімізді орындаудан тартынбауымыз керек. Көркем мінез-құлықты көрсету кейде біздің нәпсіміз үшін қиын болуы мүмкін. Дегенмен, қаншалықты қиын болса да, ізгі жолдан таймағанымыз жөн. Алла Тағаланың осындай құлдарына жар болатынын да естен шығармайық.

Алла елшісі (с.ғ.с.) өзінің бір хадисінде былай дейді: «Мүміндер бір – біріне сүйіспеншілік, мейірімділік және жанашырлық танытуда біртұтас дене тәрізді. (Адамның) бір жері ауырса, ұйқысы қашып, ыстығы көтеріліп, бүкіл денесі ауырған жерінің мұңына ортақтасады».

Егер қоғамды құрайтын адамдардың біреуі қиындыққа ұшыраса, оны білетіндер дереу іс-әрекетке көшуі керек. Бұл мұсылманға тән қасиет. Алла елшісінің (с.ғ.с.) қалауы – үмбетінің бірлік пен ынтымақтастықта өмір сүруі еді. Бір-бірінің қиыншылығымен де, қуанышымен де бөлісетін адамдардан құралған қоғам бақытты болады.

Әбу Һурайра (р.а.) пайғамбардың (с.ғ.с.) былай деп айтқанын риуаят еткен:

«Біріңді бірің күндемеңдер, бағаны көтермеңдер, өшпенділікте болмаңдар, біріңе-бірің теріс қарамаңдар, бір-біріңнің саудаларыңды бұзбаңдар.

О, Алланың құлдары! Біріңе-бірің туысқан болыңдар, себебі, мұсылман мұсылманға бауыр. Ол мұсылман бауырына зұлымдық жасамайды, алдамайды, қорламайды. Ал тақуалық осында – деп (пайғамбар (с.ғ.с.) өз көкірегін үш рет көрсетті). Мұсылман өз мұсылман бауырын қорлауы үшін жеткілікті саналатын – мұсылманның қаны, дүние мүлкі және ар-намысы басқа мұсылман үшін харам».

Бұл хадисте Алла елшісі (с.ғ.с.) исламдағы бауырластық ұғымын белгілі бір бұйрықтармен және тыйымдармен қоршап, мұсылмандар үшін нақты шындыққа айналдырған.

Ибн Хаджар әл-Хайтами: «Бұл хадис, көп мағынаны қамтып қана қоймай, маңызды ұстанымдар мен мақсаттарға да бағыттайды, себебі оның мағынасы туралы ойлану және оны түсіну арқылы оның тікелей және ауыспалы мағынада ислам дінінің барлық ережелерін, этикалық нормаларын қамтығанын көре аламыз», деп бұл хадистың мән-маңызын түсіндірген.

Қазіргі кезде кейбір мұсылман елдері, халықтары, қоғамдары, тіпті жекелеген мұсылмандар арасында өзара түсініспеушіліктің орын алып жатқаны өкінішті жағдай. Осындай нәрселердің алдын-алу үшін үнемі мұсылман – мұсылманның бауыры екендігін ұмытпай, бір-бірімізге көңіл бөліп, қайғы-мұңымызды, қуанышымызды өзара бөлісіп жүрейік. Ең бастысы бір-бірімізді Алла разылығы үшін жақсы көрейік дегім келеді.

Алла төрткіл дүние мұсылмандарына береке-бірлік нәсіп етіп, ынтымағымыздан айырмасын деп тілейік. Әмин!

Еркеғали Сағымбайұлы,

Жаңаөзен «Шаңырақ ш/а» қалалық мешітінің бас имамы

Ұқсас жазбалар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button
Close