Мақалалар

Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын!

Барлық мақтау мен мадақ бүкіл әлемдердің Жаратушысы Аллаға болсын. Оның игілігі мен сәлемі екі дүниенің сардары, адамзаттың ардақтысы, сүйікті пайғамбарымыз Мұхаммедке, оның отбасына және де қияметке дейін оның артынан ізгілікте еруші үмметіне болғай!

Құрметті Маңғыстаулықтар!

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Маңғыстау облысы бойынша өкілдігінің, жергілікті дін қызметкерлерінің және жеке өзімнің атымнан сіздерді жаңару мен жасампаздықтың, молшылық пен ырыс-берекенің бастауы болып табылатын Наурыз мерекесімен құттықтаймын.

Ертеден барша түркі әлемінің игі дәстүрі ретінде қалыптасқан бұл мереке дарқан пейілдің кеңшілігі, пәк көңілдің теңшілігінің нышаны.

Табиғат жаңаруынан тағылым алған халықымыз бұл күнді жаңарудың, түлеудің басы деп білген. «Бұлақ көрсең – көзін аш», «Бір тал кессең, он тал ек» десіп құдық, бұлақ бастау, арық, атызды тазартып, тал, шыбық отырғызған. Жыл ішінде әлдеқандай су тасқыны, зілзала сияқты апаттарға ұшырап, ауыртпашылыққа душар болған үйлерге, ауылдарға көмек қолын созған. Ауру-сырқау, мүгедек жандарға қолдау білдіріп, жәрдемдескен.

Көріп отырғанымыздай, Наурыз – көктем мерекесі, еңбек тойы, ырыс, молшылықтың бастауында осындай игі істер атқарылып, ынтымақты берекенің көрінісі орын алған.

Демек, «Наурыздың» – қазақ халқының бірлігін, ұлтымыздың ары мен намысын, туыс пен бауырдың бір-біріне деген сүйіспеншілігін насихаттайтын бірден-бір мереке екенін ұмытпайық.

Қыс бойы ақ кебін жамылған табиғаттың, жанды-жансыздың тіріліп, адамның аузы аққа, мал аузы көкке тиетін осы мерекеде әр отбасыға Алланың амандығы мен берекетін, бақыт пен бірлік, татулық пен бар ізгілікті тілеймін. Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын, ағайын! Әмин!

Әнуар қажы Ізімбайұлы,

Маңғыстау облысының бас имамы

Ұқсас жазбалар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button
Close