Мақалалар

Шаңырағымызға береке әкелетін 7 сүннет амал

Барлық мақтау мен мадақ бүкіл әлемдердің Жаратушысы Аллаға болсын. Оның игілігі мен сәлемі екі дүниенің сардары, адамзаттың ардақтысы, сүйікті пайғамбарымыз Мұхаммедке, оның отбасына және де қияметке дейін оның артынан ізгілікте еруші үмметіне болғай!

Адам баласы мүмкіндігіне байланысты меншікті немесе жалға алған, кең, жайлы немесе шағын көлемді баспаналарды мекен етеді. Кей жағдайда, адамдарға тұрып жатқан үй-жайы ұнамауы мүмкін. Біреу ата-анасы және балаларымен бірге тұрып, тарлық көрсе, енді бірі үйі мен жұмысының арасындағы алшақтыққа алаңдап, күйзеліске түседі.

Өкінішке орай, осындай жағдайларда «өзге адамдардың үйі нашар, немесе саған қарағанда олардың баспанасы жоқ» деген салыстыруға арналған кеңестер әрдайым тиімді бола бермейді.

Қазіргі кезде тұрғын үй мәселесінің көп уақыт, күш пен қаражатты талап ететінін ұмытпауымыз керек. Демек, адам бір мезетте тұрып жатқан жерін, пәтерін тастап кете алмайды. Бірақ ол жерде тұрып, өзіңді қинау да дұрыс емес. Сол себепті, алдымен Аллаға шүкірлік етіп, өз шаңырағыңды жақсы көруге тырысу қажет.

Бұл жерде бізге ардақты пайғамбарымыз Мұхаммедтің (ﷺ) сүннеті көмекке келеді:

1. Үйге кірген немесе шыққан кезде келесі дұғаны оқу қажет:

Алла елшісі (ﷺ) үйге оң аяқпен кіріп, келесі дұғаны оқуға кеңес берген:

«Бисмилләһи уәләжнә, уә бисмилләһи харажнә, уә ъалә раббинә тәуәк-кәлнә».

Аудармасы: Алланың атымен кірдік, Алланың атымен шықтық және Жаратушы Иемізге тәуекел еттік.

2. Сәлем беру

Алла елшісі (ﷺ) сәлем берудің маңыздылығына қатысты көптеген өсиет қалдырған. Соның бірінде былай деп келеді:

«Алла (төменде сөз етілетін) үш адамның әрбірі егер тірі қалса, барлық қажетті нәрселерімен қамтамасыз етілетініне және (олардың әрқайсысына) тіршілік ету үшін қажетті заттар берілетініне, ал қайтыс болса, Алла оларды Жәннатқа кіргізетініне кепілдік берді. (Бұл үшеудің біреуі) үйіне кірерде сәлем беру сөздерін айтатын адам…».

3. Күлімсіреу

Алла елшісі (ﷺ): «Бауырыңның жүзіне күліп қарау – садақа» деп айтқан. Ал күйеуі мен әйелі бір-біріне күліп қараса, періштелер оларға салауат айтады.

Бұдан бөлек, дастарқан басында, әңгіме барысында және т.б. жағдайларда өзге де жақындарымызға, туған-туыстарымызға күлімдеп қарағанымыз абзал.

4. Дөрекіліктен бас тарту

Алла елшісі (ﷺ) былай дейді: «Иманы берік мұсылман ешкімге тіл тигізбейді, қарғамайды, шектен шықпайды да өзін дөрекі ұстамайды».

Біреуге ұрысу, оны қорлау адамдардың физикалық және моральдық денсаулығына екі тарапқа да зиян тигізеді. Мұсылман баласы өз шаңырағында дөрекі қарым-қатынасқа жол бермеуге тырысу керек.

5. Тазалықты сақтау

Алла елшісінің (ﷺ) «Тазалық – иманның жартысы», деген хадисін барлық отбасы мүшелерінің түсінгені дұрыс. Себебі тазалық жайлылықтың негізі.

6. Қауіпсіздік мәселесі

Алла елшісінің (ﷺ) баспана қауіпсіздігіне қатысты келесі кеңестеріне құлақ асқанымыз жөн:

«Ыдыстарыңның (су, тамақ) бетін жабыңдар, есіктеріңді (түнде) ашық қалдырмаңдар және шырақтарыңды сөндіріңдер. Ақиқатында, шайтанға сусын беру, оған есіктерді ашу және ыдыстарды ашық (алдына тамақ жайып қою) қалдыру халал емес. Біреулерің ыдыстың бетін жабатын нәрсе таба алмаса, «Бисмиллә» деп  ыдыстың бетіне көлденең бір нәрсені қойсын…» десе, тағы бір хадисте: «Ыдыстарыңның (су, тамақ) бетін жабыңдар. Расында бір жыл ішінде оба ауыруы жүретін бір түн бар. Бұл оба ауыруы тек ашық ыдыстағы тағамдарға түседі», деп айтылады.

7. Құран оқу

Алланың қалауымен Құран сүрелері адамды, оның жақындарын және үйін қорғайды. Алла елшісі (ﷺ) бұны былай түсіндіреді:

«Шындығында Алла Тағала көктер мен жерді жаратпастан екі мың жыл бұрын бір Кітап жазды. Ол аршының қасында. Сосын Ол сол кітаптан екі аят түсіріп, олармен Бақара сүресін тәмамдады. Қандай да бір үйде сол екі аят үш күн бойы оқылса, ол үйге шайтан жақындамайды».

Көріп отырғанымыздай, пайғамбарымыз Мұхаммедтің (ﷺ) сүннеті үйлеріміздегі жылулық, жайлылықты жасауға бағытталған. Жоғарыда келтірілген кеңестерге құлақ түрсеңіз, Алланың қалауымен сіздің де шаңырағыңызға береке орнайды.

Алла Тағала баршамызға отбасымызбен тату-тәтті ғұмыр кешуді жазсын. Әмин!

Серік Орынханұлы,

Қызылтөбе-2 ауылдық «Мұстафа (с.ғ.с.)» мешітінің имамы

Ұқсас жазбалар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button
Close