Мақалалар

Қазыналы қарттарымыз аман болсын!

                                                                                                      Өзендегі өлшеулі жай ағыстар,

                                                                                                      Қарияға қарасаң аяныш бар,

                                                                                                      Намыстанба жүре алмай қалса олар,

                                                                                                      Кезің келер сенің де таяқ ұстар.

                                                                                                                                   Кәрима Оралова, ақын

Ғасырлар бойы «үлкенге – құрмет, кішіге – ізет» дәстүрі қазақы танымдағы негізгі қағидалардың бірі болып келеді. Халқымыздың көптеген дәстүрлері үлкендер мен жастардың қарым-қатынас жасау ережелеріне негізделген. Ұлттық әдептің бұл заңдылықтарын ұстану, оларды насихаттау бәріміздің асыл міндетіміз екені ақиқат.

Дінімізде жасы үлкенге, қарияға құрмет көрсету – негізгі өнегелердің бірі. Сүйікті пайғамбарымыздың (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) «Кішілерімізге мейірімді болмаған, үлкендерімізге құрмет көрсетпеген адам бізден емес» деген хадисі, аталмыш ережеге бағынған адамның толыққанды мұсылман болып санала алатынының дәлелі болып табылады.

Алла елшісінің (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) келесі үндеуіне сәйкес, ұлты мен дініне қарамай, кез-келген қарт адамға құрмет көрсетуіміз керектігін айтып өткен жөн. Пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) бір хадисінде: «Менің жаным қолында тұрған Алланың атымен ант етейін, Ол мейірімділік танытқандарды рақымынан айырмайды» деп айтқан. Сонда сахабалар: «Әрқайсымыз мейірімділік танытамыз» дегенде, пайғамбарымыз «бауырына ғана емес, барша адамдарға мейірім таныту керек» деп жауап берген».

«Ақ шашты, ақ сақалды мұсылман қарияны ізет тұту – Алланы ұлықтаудың бір түрі», – деген» пайғамбарымыздың (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) хадисіне сәйкес, қарт адамға көрсеткен әрбір құрметіміз – Алланың алдындағы құлшылық. Пайғамбар сүннетіндегі (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) ұстанымдарға сай болу ұрпақтар арасындағы сабақтастықты өрбітіп, қариялар мен жастар арасындағы сүйіспеншілік пен түсіністікті арттырары сөзсіз.

Намазды кімнің өткізуі туралы сұраққа қатысты, пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын): «Біреулерің азан айтып, жасы ең үлкендерің имамдыққа өтсін», – деп айтқан. Сол сияқты кез-келген мәселе барысында, жасына қарай үлкендерге жол берілуі тиіс.

Құлшылық жасаған кезде де, белгілі бір себептер болса қарияларға жеңілдіктер қарастырылған. Егер оларға қиын болса, қарт адамдар Рамазан айындағы ораза ұстаудан босатылады, алайда әр күні үшін кәффарат төлеуге міндетті. Сондай-ақ, егер қарт адам тұрып намаз оқи алмаса, оған отыруға рұқсат етіледі, ал егер оған да мүмкіндігі болмаса, онда ол намазды жатып оқи алады. Қажылық жасауға мүмкіндігі жоқ қарттар, бұл міндетті басқа адамға жүктеуіне болады. Көріп отырғанымыздай, дініміздің өзінде қарияларға Алла тарапынан үлкен рақымдылық жасалған. Бұның өзі бізге, мұсылмандарға қарт адамдарға қалай қарауымыз керектігі туралы үлкен үлгі және насихат.

Қоғамдағы қарияларға деген құрмет – бұл қоғам деңгейінің көрсеткіші, оның мүшелерінің адамгершілік негіздерін игеруінің дәлелі және олардың тәрбиесі мен жомарттығының белгісі. Алла тағала бізге қарияларымызды барынша сыйлап, құрмет көрсетіп, сол арқылы Өзінің разылығын алуға көмектессін деп тілейік. Қазынамызға айналған қарияларымыз аман болсын ағайын!

Әнуар Ізімбайұлы,

Маңғыстау облысының бас имамы

Ұқсас жазбалар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button
Close