Мақалалар

Ораза екі нәрсемен күресуді үйретеді

Барлық мақтау мен мадақ бүкіл әлемдердің Жаратушысы Аллаға болсын. Оның игілігі мен сәлемі екі дүниенің сардары, адамзаттың ардақтысы, сүйікті пайғамбарымыз Мұхаммедке, оның отбасына және де қияметке дейін оның артынан ізгілікте еруші үмметіне болғай!

Ораза дегеніміз – ақыл-есі дұрыс, балиғатқа толған, ауыз бекітуге қабілетті мұсылманның таң атқаннан күн батқанға дейін дәм-судың барлық түрінен, сондай-ақ жыныстық құмарлықтан Аллаға деген құлшылық ниетімен тыйылу.

Қарнын тойдыру мен жыныстық құмарлығын қандыру – адам баласына тән әрекеттер. Бұл әрекеттер нәпсі жетегіне ерсе, пенде көп нәрседен мақұрым қалады, ал шариғат шеңберінен тыс орындалса, көптеген күнәға әкеледі. Оның себебі, тойымсыз нәпсі адамды үнемі жамандыққа азғырып тұрады.

Тамақты ішіп-жеу – біздің күнделікті іс-әрекетіміздің бірі. Бұған еті үйренген адам ризық-несібенің Алладан келіп жатқандығын ұмытуы немесе қадірін түсінбеуі мүмкін. Яғни, пендеде үйіне кіріп жатқан азық-түліктің «менің еңбегімнің жемісі, қалыпты нәрсе» деген ойлар қалыптасады.

Ақиқатында, күллі жаратылысқа ризықты беруші – Раббымыз Алла. Бұл туралы Құранда:

«(Мұхаммед ғ.с.): Расында, Раббым құлдарының арасынан қалағанының ризығын кеңітіп және қалағанының ризығын шектеп қояды. Сендер не жұмсасаңдар да Ол оның жұмсағандарыңның орнын қайта толтырады. Ол – ризық берушілердің ең қайырлысы» де, («Сәба» сүресі, 39-аят) деп баяндалған.

Тойып тамақтану – нәпсіге ең жағымды амалдың бірі. Ал аш құрсақ жүру – нәпсіге ең ауыр келетін амалдың бірі. Адам артық тамақ жеу арқылы нәпсі қалауына ереді. Нәпсі қалауы бірте-бірте тамақтану мәселесінде ысырапқа жетелейді. Асқазанды тамаққа толтырған адам көп ұйқыға батады. Ал көп ұйықтаған адам көп нәрседен, атап айтқанда, құлшылық жасаудан, білім алудан, жұмыс істеуден мақұрым қалады. Ораза болса тамақты айтпағанда, бір жұтым судың қадірін сездіреді.

Медицина ғалымдарының айтуынша, көп тамақтанатын адамның зейіні бірте-бірте әлсіреп, ол ұмытшақтыққа, жайбасарлыққа, бейғамдыққа ұрынады. Ата-бабаларымыз да «ауру – астан» деп бекерден бекер айтпаса керек. Бүгінгі күні көптеген аурулардың, соның ішінде артық салмаққа қатысты дерттердің себебі артық тамақтану екендігі ғылыми тұрғыдан дәлелденген. Аштықтың да адам зейінін ашып, қабілетін арттырып, білімге, жұмысқа, құлшылыққа деген құлшынысына ерекше күш беретіні де дәлелденіп келеді.

Адамға тән нәпсі қалауларының тағы бір түрі – жыныстық қатынас. Ардақты пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) жыныстық қатынасты қалап, оған рұқсат сұрап келген кісіге бірден ораза ұстауды бұйырған.

Ораза – нәпсіні тізгіндеп, оны басқарудың төте жолы. Асқазанның қалауын берген адам, жыныстық қатынасқа қатысты нәпсі сұранысын да қанағаттандырғысы келеді. Осылайша, нәпсі қалаулары бірінен соң бірі жалғасып кете береді.

Құранда Жүсіп пайғамбардың тілінде баяндалатын аятта былай делінген:

«Нәпсімді ақтамаймын. Расында нәпсі жамандыққа бұйырады. Бірақ та Раббым мәрхамет етсе ол басқа. Күдіксіз Раббым өте жарылқаушы, ерекше мейірімді» («Юсуф» сүресі, 53-аят).

Нәпсісін иман арқылы, Аллаға жақындау жолымен жамандықтан тазарту әр мұсылманның мәңгілік мақсаты болуы керек. Бойымыздағы нәпсімізді біз тізгіндемесек, ол бізді басқарып кетеді. Яғни, тамақты ішіп-жеу болсын, жыныстық қатынас болсын, немесе өзге бір қажеттіліктердің соңынан еріп, пайдасыз істерден өзімізді босата алмай қалуымыз әбден мүмкін.

Нәпсімен ұдайы күресу – өткінші жалғанда салиқалы өмір сүру мен мәңгілік дүние мақсаты үшін көбірек пайдалы болатынын түсінген адам, оның қалауына ермей, керісінше оның басқарушысына айналады.

Нәпсісін тазартқан кісі ғана жақсылыққа кенеліп, жамандықтан құтылады. Алла Тағала бұл туралы:

«Расында нәпсісін тазартқан кісі құтылды да. Әлде кім оны кірлетсе, қор болды» («Шәмс» сүресі, 9-10-аяттар) деп ескертеді. Демек, нәпсісін үнемі тақуалықпен тәрбиелейтін кісі ғана жаны мен тәніне кір жұқтырмайды.

Пайғамбарлардың мөрі Мұхаммед (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) ең үлкен соғыстың бірі – Табук жорығынан қайтып келе жатып жанындағы сахабаларына:

«Кіші жиһадтан (жорықтан) үлкен жиһадқа (нәпсімен күресуге) оралдық», деген сөздері көп жайтты аңғартса керек. Расында, осы өмірдегі ең үлкен соғыстың бірі – өз нәпсіңмен күресу.

Нәпсінің құлы болып кету үлкен құрдымға батыратынын түсіндік. Бұл жайында Құранда:

«Өз құмарлығын тәңір тұтып, көңілі соққан нәрсесінің құлы болған, сондай-ақ (ақ пен қараның, ақиқат пен жалғанның парқын) білсе де Алланың Өзі адастырып, құлағы мен жүрегін мөрлеп, көзін перделеп тастаған бейбақты көрдің бе?! Оны Алланың Өзі адастырғаннан кейін тура жолға кім түсіре алады дейсің?! Міне осының өзін ойлап ғибрат алмайсыңдар ма?!» («Жәсия» сүресі, 23-аят).

Жоғарыда айтқанымыздай, нәпсіге қарсы күресудің нәтижелі жолы – ораза ұстау. Ораза – жамандыққа қарсы келетін қалқан. Ішіп-жеуін, жыныстық қатынасын Алла разылығы үшін тыйып, ораза ұстап, яғни қалқанды мықтап ұстанған адамға Алла жамандықтың бетін қайтаруға көмектесіп, мол сауабын нәсіп етеді.

Алла Тағала құдси хадистің бірінде: «Адам баласының барлық амалы өзі үшін жазылады. Алайда, оразаның жөні бөлек. Оның қарымын тек Мен беремін. Өйткені, ол тек менің разылығым үшін ішіп-жеуден бас тартты. Ораза ұстаған адамның екі қуанышты сәті бар: біреуі ауызашар уақыты, екіншісі Аллаһ Тағаламен қауышар сәті. Ораза ұстаған адамның аузынан шыққан иіс Мен үшін жұпар иісті мисктен артық», деп айтқан.

Мүбәрак Рамазан мезгіліндегі ораза тамақ пен жыныстық қатынас қалауы сынды нәпсі қалауымен бір күн емес, бір апта емес, бір ай бойы күресуге жүйелі түрде дағдыландырады. Өйткені, нәпсі үнемі күресуді, жүйелі тәрбиені талап етеді.

Рамазан бойы өз нәпсісімен күресіп үйренген және оның әміршісі бола білген адам басқа айларда да шамадан тыс қалауына ерік бермеуге дағдыланып қалады.

Алла баршамызға биылғы оразамызды кемел түрде ұстауды және одан қажетті деңгейде ғибрат алуды нәсіп етсін! Әмин!

Айдос Жамбылұлы,

Ақтау қалалық «Бекет ата» мешітінің наиб имамы

Ұқсас жазбалар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button
Close