Мақалалар

Мұхаррам айындағы ораза жайлы

Барлық мақтау мен мадақ бүкіл әлемдердің Жаратушысы Аллаға болсын. Оның игілігі мен сәлемі екі дүниенің сардары, адамзаттың ардақтысы, сүйікті пайғамбарымыз Мұхаммедке, оның отбасына және де қияметке дейін оның артынан ізгілікте еруші үмметіне болғай!

30 шілде күні жаңа ай кіріп, һижра күнтізбесі бойынша 1444 жылға аяқ бастық. Мұхаррамның Жаратушы Алла тарапында ерекше құрметке ие болған ай екендігі туралы Құранда:

«Алланың көктер мен жерді жаратқан күні жазған үкімі (орнатқан заңдылығы) бойынша айлардың саны – он екі, олардың төртеуі (Зүлқағда, Зүлхиджә, Мұхаррам және Ражәб) харам айлар» («ат-Тәубә» сүресі, 36 аят), деп келеді.

Хасан әл-Басри (р.а.) бұл ай жайлы: «Расында, Алла жылды Мұхаррам айымен ашады және жылды осы аймен аяқтайды. Сонымен қатар, жыл бойы Рамазаннан кейін Алла алдында Мұхаррамнан артық ай жоқ» – деп айтады.

Мұхаррам айындағы абзал ғибадаттың бірі ораза болғандықтан, бұл жазбамызда осы тақырып аясында сөз қозғаймыз.

Мұхаррамдағы оразаның артықшылықтары қандай?

Мұхаррамда ораза ұстау парыз болмағанымен, мұсылман баласы өз еркімен және қалауымен бұл құлшылықты орындаса, үлкен сауапқа кенеледі. Ардақты пайғамбарымыз Мұхаммедтің (ﷺ):

«Рамазан оразасынан кейінгі ең абзал ораза, Алланың айы – Мұхаррам айында тұтылған ораза», деген хадисі де бұл айдағы нәпіл оразалардың үлкен мәнге ие екендігін көрсетеді.

Имам Әбу Хамид әл-Ғазали өзінің «Ихия-у Улумиддин (Дін ғылымдарының қайта жандануы)» атты кітабында: «Егер Мұхаррам айын ғибадатта өткізсеңіз, онда оның берекеті жылдың қалған айларына да жетеді деп үміттенуге болады», деп жазады.

Ораза нәпсіні тізгіндейді, ол арқылы күнәлар кешіріледі және тозақ отынан қорғаныс беріледі.

Мұхаррамның қай күндері ораза ұстаған абзал?

Бұл айдың кез-келген күнінде ораза тұтуға болады. Бұл шешім мұсылманның өз еркінде қалады. Бірақ, егер біз екі дүние сұлтаны Мұхаммедтің (ﷺ) сүннетін ескеретін болсақ, онда әр айда үш ерекше уақытты бөліп қарауға болады – дүйсенбі, бейсенбі және айдың ортасы.

Неліктен Ашура күні ораза ұстауымыз керек?

Мұхаррам айының оныншы күні – «Ашура» күні. Биыл бұл 8 тамыз күніне сай келеді. Ашура күні ораза ұстау Мұса ﴾ғ.с.﴿ пайғамбардың заманынан бері келе жатқан ғибадат. Құдай Тағала осы күні Мұса ﴾ғ.с.﴿ мен Исрайл ұрпақтарын залым Перғауыннан құтқарған.

Ибн Аббас ﴾р.а.﴿ жеткізген хадисте:

«Алла елшісі (ﷺ) Мәдинаға келгенде яһудилердің Ашура күні ораза тұтқандарын көріп, соның себебін сұрайды. Сонда олар: «Бұл күні Алла Тағала Мұсаны Перғауынға үстем етті. Сондықтан осы күнді ұлықтап ораза тұтамыз» – деді. Сонда Алланың елшісі (ﷺ): «Біз Мұсаға сендерден қарағанда әлдеқайда жақынбыз», – деп мұсылмандарға ораза тұтуға әмір етті» делінген.

Ханафи мазһабының ғұламалары Ашура оразасын сүннет деп белгілеген. Сонымен қатар, Ашура күніндегі оразаны жеке тұтпай, оған алдыңғы, не кейінгі күнді қосып тұтуды ұсынған.

Олар дәлел ретінде Алла елшісі Мұхаммедтің (ﷺ): «Ашурада ораза тұтыңдар және яһудилерге керісінше жасап, алдыңғы не кейінгі күнді де тұтыңдар» деген хадисін алға тартқан.

Жаратушы Алла баршамызға Мұхаррамның қадір-қасиетін ұғып, шамамыз келгенше жақсылық жасап, бұл айдың күндізін оразамен, түнін құлшылықпен өткізуге жазсын. Әмин!

Айғабыл Дәуірханұлы,

Қызылтөбе ауылдық «Әл-Хаким» мешітінің имамы

Ұқсас жазбалар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button
Close