Мақалалар

Ислам дініндегі ұйқы әдебі немесе сүннетке сай ұйықтау мәселесі

بسم الله الرحمن الرحيم

Барлық мақтау бүкіл әлемдердің Жаратушысы Аллаға тән. Оның игілігі мен сәлемі екі дүниенің сардары, көзіміздің нұры, адамзаттың асыл тәжі пайғамбарымыз Мұхаммедке және оның отбасына және де қияметке дейін оның артынан ізгілікте еруші үмметіне болғай!

Ислам – дін ғана емес, ол өмір сүруге қажетті идеалды ережелер жиынтығы. Дініміз бізді екі дүниеде де бақытқа жетелейтін барлық нәрселерге үйретеді. Ардақты пайғамбарымыз Мұхаммедтің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) асыл сүннеті арқылы, біз өміріміздің түрлі саласында қажет болатын көркем және құнды нәрселермен танысамыз. Алла елшісінің (с.ғ.с.) мұра етіп қалдырған сүннетін берік ұстанатын болсақ, біздің күнделікті өміріміз ғибадат ретінде саналып, осы арқылы Алла Тағаланың разылығына бөленіп, сауапқа кенелеміз деп үміт етеміз.

Ұйқы – барлық адамзат атаулының қажеттілігі және Алла Тағаланың бізге берген сыйы. Күнделікті күйбең тіршіліктен кейін бәріміз де тыныш әрі жайлы ұйқыны қажет етеміз. Алланы еске алып, ұйқының өзін құлшылыққа айналдыру үшін, күнде келесі сүннет амалдарды орындауымыз керек.

Ниет

Дінімізге сәйкес, біздің әрбір ісіміздің, әрбір амалымыздың маңыздылығы ниетімізге байланысты. Демек, адам баласы әр іс-әрекетін нәпсісі мен тәнінің қалауы үшін емес, Алла разылығы үшін жасауға міндетті.

Ниеттің маңыздылығы жайлы пайғамбарымыздың (с.ғ.с) келесі хадисі осы сөздеріміздің айқын дәлелі:

«Мүминнің ниеті амалынан қайырлы. Алла ешбір күмәнсіз құлына амалына қарап бермегенді ниетіне қарай береді. Өйткені ниетте рия болмайды. Керісінше амалға рия араласып кетеді».

Мұсылман адам ұйқыға жатпас бұрын, келесідей ниет етсе болады:

  1. Түннің бір бөлігінде оянып, тәһәжжуд намазын оқуға;
  2. Ерте жатып, таң намазына тұруға;
  3. Жақсылап тынығып, ертеңгі күнді Алла разылығы үшін құлшылық етіп, жақсылап өткізуге және т.б.

Дәрет алу

Ұйқыдан алдын дәрет алу – сүннет амал болып табылады. Бұл амал міндет болып табылмаса да, пайғамбарымыздың (с.ғ.с) осы сүннетін орындау арқылы көптеген игіліктерге қол жеткізуге болады.

Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) өзінің бір хадисінде:

«Денелеріңді таза ұстасаңдар, Алла сендерді тазартады. Түнде тазаланып (дәрет алып) ұйықтаған пенденің басы-қасынан бір періште айырылмай, пенде бір жақ қырынан екінші жақ қырына ауысып жатқан сайын: «О, Раббым! Мына пендеңнің күнәсін кеш. Шынында ол тазаланып ұйықтады», – деп тілейді», деп айтқан.

Жоғарыда келтірілген және өзге де хадистерге сүйене отырып, ұйқы алдында дәрет алу арқылы көптеген игіліктерге ие боламыз деп сеніммен айта аламыз.

Ұйқы уақыты

Кез-келген іс-әрекеттің уақыты бар. Сол секілді, ұйқыға арналған уақыт – ең маңызды нәрселердің бірі. Сүннетке сай, құптан намазына дейін ұйықтауға кеңес берілмейді. Бұл туралы Әбу Барза (р.а.) риуаятында:

«Алла елшісі (с.ғ.с.) құптаннан алдын ұйықтағанды және құптаннан кейінгі әңгімені жақтырмайтын», – деп айтылған.

Яғни, пайғамбарымыз (с.ғ.с) сияқты түннің бірінші бөлігінде – кұптан намазынан кейін ұйықтау әдебінің қалыптасуына ерекше мән беруіміз керек.

Ұйқы алдындағы дұға

Ұйқы – Алланың бізге берген аманаты. Алла тарапынан берілген нығметтерді қиянатқа қимайтындай, өзіміздің ұйқымызды да шайтанның зұлымдықтарынан қорғауымыз қажет. Мүміннің қаруы – дұға болғандықтан, ұйқы алдында да оқылуы тиіс дұғалар бар.

Хузәйфа және Әбу Зарр (р.а.): «Алла елшісі төсегіне жатқанда: «Бисмикаллаһума ахйә уә әмуту». Уа, Алла тағала! Сенің атыңмен көз жұмып, Сенің атыңмен қайта тірілемін» – деп дұға ететін еді», – деп риуаят еткен.

Айша анамыз (р.а.): «Алла елшісі (с.ғ.с.) жатар алдында екі алақанын үрлеп, «муаууизатайн» («Ықылас», «Фәлақ», «Нас») деп аталатын сүрелерді оқып, содан кейін бүкіл денесін сипайтын еді», – деп риуаят еткен.

Жатар орынның таза болуы

Мұхаммед пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) ұйқыға жатпас бұрын төсегін сілкіп, тазалап отырған. Бұл кішігірім әрекеттің өзі – мұсылман адамның тазалыққа ерекше көңіл бөлу керектігін көрсетеді.

Есік-терезені бекіту, ыдыс-аяқтың ауызын жабу және т.б. мәселелер

Алла елшісі (с.ғ.с.) өзінің бір хадисінде: «Содан кейін Алланың атын атап, есіктерді жабыңдар. Жарықты өшірер алдында Алланың есімін айтыңдар. Алланың атымен су тұрған ыдыстарды жабыңдар. Алланың атын атап тамақтың да бетін жабыңдар. Тіпті қақпақ болмаса да үстінен әлденемен жабыңдар, сонда шайтан жабық ыдысты аша алмайды», деп ескерткен.

Әрбір мұсылман ұйықтар алдында «бисмилланы» айтып, жоғарыда келген хадистегі істерді орындау арқылы өзін ғана емес, отбасы мүшелерін де қорғайтыны ақиқат.

Оң жақ қырымен ұйықтау

Екі дүние сардары (с.ғ.с) өзінің бір хадисінде:

«Жатар кезде намаз үшін дәрет алғаныңдай дәрет ал. Содан кейін оң жақ бүйіріңмен жат және былай де:

 «Алла Тағалам, өзімді саған тәсілім еттім, істерімді өзіңе аманаттадым. Өзіңе үміт артып әрі қорқа отырып, Өзіңе арқа сүйедім. Өзіңнен алыстасам да қайта Өзіңді пана тұтамын. Аллам, түсірген кітабыңа және жіберген нәбиіңе иман еттім». Егер сол түні өліп кетсең, иманмен өлген боласың. Ұйықтар алдында айтқан соңғы сөздерің осылар болсын», дей келе адамның оң жағымен жатып, ұйықтау керектігін ескерткен.

Адамның сол бүйірімен, арқасына немесе ішіне жатып ұйықтауы ішкі ағзаларға зиян тигізетіні заманауи медициналық зерттеулермен дәлелденген. Осылардың ішінде ішпен ұйықтаудың ерекше зиян екендегі көрсетілген. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) кейбір хадистерінде де бұл мәселелер көрініс тапқан.

Қорыта келе, осы кішігірім мақалада жазылған Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) ұйқыға қатысты әдептерін орындау, ерекше күш-қуатқа ие болуымызға, көңіл-күйіміздің жақсаруы мен сергектігіміздің артуына алып келеді деген ойдамын.

Алла баршамыздың түндерімізді тыныш әрі берекелі қылсын! Әмин!

Ғабит Әбдіғаппарұлы,

Мұнайлы ауданы Басқұдық ауылдық «Төлей ишан» мешітінің имамы

Ұқсас жазбалар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button
Close