Мақалалар

Ихсан – жүректі тәрбиелеу ілімі

Барлық мақтау мен мадақ бүкіл әлемдердің Жаратушысы Аллаға болсын. Оның игілігі мен сәлемі екі дүниенің сардары, адамзаттың ардақтысы, сүйікті пайғамбарымыз Мұхаммедке, оның отбасына және де қияметке дейін оның артынан ізгілікте еруші үмметіне болғай!

Алла Тағала адам баласының екі дүниеде де бақытты болуы үшін ардақты пайғамбарымыз (с.ғ.с.) арқылы ислам дінін түсіндірді. Біз де Алла елшісінің (с.ғ.с.) жолын өнеге тұтып, соңғы әрі кемел дінді ұстанамыз.

Дініміз бойынша мұсылман адамның орындауы тиіс міндетті үкімдері бар. Олар екіге бөлінеді. Бірінші түріне адам денесімен жасалатын үкімдерді жатқызсақ, екінші түрдегі үкімдерге адамның ішкі жан дүниесімен, яғни жүрегімен жасалатын амалдар жатқызылады.

Дене мүшелерімен жасалатын амалдардың өзі екі топқа бөлінеді:

  • Бұйрықтар: намаз оқу, ораза ұстау, зекет беру және т.б.;
  • Тыйымдар: адам өлтіру, зина жасау, ұрлық істеу және т.б.

Жүрекпен жасалуы керек амалдар да екі топқа бөлінеді:

  • Бұйрықтар: Алла Тағалаға, Оның періштелеріне, Оның түсірген кітаптарына, Оның пайғамбарларына имам келтіруден бөлек, Аллаға тәуекел ету, ізгі амалдарда ықыласты болу және т.б.;
  • Тыйымдар: екіжүзділік, күпірлік ету, тәкаппарлық, қызғаншақтық, мақтаншақтық және т.б.

Денемен орындалатын үкімдерге қарағанда жүрекпен орындалатын үкімдердің маңызы жоғары. Олай дейтін себебіміз, сыртқы келбетіміз ішкі жан дүниеміздің айнасы, негізі әрі түбірі болып табылады. Десе де, екеуіде бір-бірімен тығыз байланысты және бірдей орындалуы тиіс. Алланың разылығына жету үшін тәніміз бен ішкі жан дүниеміз бірге, үйлесімді түрде жұмыс жасауы керек. Мысал ретінде айтар болсақ, біз тәнімізбен амал жасамай тұрып, алдымен ниеттенуіміз керек, содан кейін оны жүзеге асыруымыз керек. Егер ниетіміз дұрыс болса, жасаған құлшылығымыз немесе амалымыз арқылы Алланың разылығына кенеліп, дұрыс болмаса Раббымыздың қаһарына ұшырауымыз әбден мүмкін. Құранда:

«…..Кімде кім раббысымен қауышуды үміт етіп, қаласа, игі істер істесін һәм Раббысына жасаған құлшылығында Оған ешкімді (және еш нәрсені) серік етіп қоспасын» («әл-Кәһф» сүресі, 110 аят) деп айтылады.

Аталмыш аяттан түсінетініміз, егер адам қандайда бір игі амал жасайтын болса, оны тек Алланың разылығы үшін, шын ниетімен жасауы тиіс. Сонда ғана мол сауапқа кенелетін болады. Алайда, ол істі Алла үшін емес, керісінше, адамдар көрсін, білсін деген пиғылмен, рия үшін жасайтын болса, онда ол амалы үшін ешқандай сауап берілмейді, керісінше күнәһар болуы мүмкін. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) сахабаларын өздерінің жүректеріне қатты мән берулеріне шақырған және адамның дұрыс болуы жүрегінің ықыласты болуына байланысты екенін әрдайым естеріне салып, жүректің бұзылуынан және оның ауруларынан қалай арылуға болатынын үйретіп отырған.  Ардақты пайғамбарымыз өзінің хадистерінің бірінде:

«Адамның денесінде бір кесек ет бар. Егер ол сау (жақсы) болса, бүкіл дене сау (жақсы) болады. Егер ол ауырса (бұзылса), бүкіл дене ауырады (бұзылады). Ол – жүрек!» (Бұхари, Муслим) десе, келесі бір хадисінде:

«Шын мәнінде Алла Тағала сендердің келбеттеріңе, байлықтарыңа қарамайды, Алла сендердің жүректеріңе, амалдарыңа қарайды», деп айтқан.

Бұл хадистерден түсінетініміз, адам баласы жүрегінің дұрыс ниетте болуын қадағалап, оның тәрбиесімен тоқтаусыз айналысуы тиіс. Оның себебі, жүрегіміздегі ықылас-ниетіміз дұрыс болмай, тәнімізбен жасаған амалдарымыздан бізге келер пайда шамалы. Сол үшін де дінімізде ақида, фиқһ, тәпсір, хадис ілімдері секілді жүрекпен, адамның жан дүниесімен айналысатын ихсан ілімі де бар.

Ихсан ілімін ғалымдарымыз тасаууф, сулук, тариқат және жүрек ілімі деп те атаған. Атаулары әртүрлі болғанымен барлығының мақсаты – жүректі тәрбиелеу және оны рухани аурулардан сақтау.

Ихсан ілімін меңгеру арқылы адам жүрегіндегі қорқыныш, үрей, көреалмаушылық, жек көру және өзге де жағымсыз қасиеттерден арыла алады. Адам жүрегін аталмыш рухани аурулардан сақтайтын болса, онда ол жеңімпаздардан, құтылушылардан болады. Осыған қатысты Алла Тағала Құранда:

«Ол – мал-мүлік те, бала-шаға да титтей пайда бермейтін күн. Ол күні Аллаға пәк һәм (рухани) кеселдерден ада жүрекпен келген жан ғана  (азаптан құтылып, мақсатына жетеді)» ( «аш-Шу’ара» сүресі 88-89 аяттар). делінген.  Көмекей әулие атанған Бұқар жырау бабамыз да: «Діл мұсылман болмаса, тіл мұсылман не пайда?!», -деу арқылы жүрек тәрбиесіне баса назар аудару керек екенін айтып кеткен. Осы орайда ескерте кететін бір нәрсе, адам ихсан ілімімен айналысудан бұрын ақида (сенім мәселелерін), фиқһ (құқық) ілімдерін меңгеруі тиіс. Себебі, адам баласын діндегі бұйрықтар мен тыйымдарды, адал мен арамды ажырата алмай ихсан ілімімен айналысатын болса, оның дұрыс жасағанынан қарағанда бұрыс жасағаны көп болады.

Имам Әбу Ханифаның (р.а.) бір сөзінде: «Біліммен жасалған азғантай амал, білімсіз жасалған көп амалдан пайдалырақ»,- деп айтуы осы мәселеге тікелей байланысты.

Камалбай Юсупбайұлы,

                                                          Бейнеу аудандық мешітінің наиб имамы

Tags

Ұқсас жазбалар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button
Close