Мақалалар

Ихсан ілімі немесе барлық істе шынайылық таныту ұстанымы

Барлық мақтау мен мадақ бүкіл әлемдердің Жаратушысы Аллаға болсын. Оның игілігі мен сәлемі екі дүниенің сардары, адамзаттың ардақтысы, сүйікті пайғамбарымыз Мұхаммедке, оның отбасына және де қияметке дейін оның артынан ізгілікте еруші үмметіне болғай!

Жәбірейіл періште мен ардақты пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) арасындағы әңгіме бейнеленген хадистен келесі нәрселерді түйеміз, Ислам дегеніміз – Алладан басқа Құдайдың жоқ екеніне, Мұхаммед оның құлы әрі елшісі екеніне куәлік ету, намаз оқу, зекет беру, Рамазан айында ораза ұстау, шамасы келсе қажылыққа бару; Иман дегеніміз – Аллаға, оның періштелері мен кітаптарына, пайғамбарларына және ақырет күніне, тағдырдың жақсысы мен жаманына сену; Ихсан дегеніміз – Алланы көріп тұрғаныңдай оған кұлшылық етуің. Себебі сен оны көрмесең де, шүбәсіз, ол сені көруде.

Ихсан – біздің сеніміздің үштен бір бөлігі бола тұра, Ислам мен Иманды өзара біріктіріп, оларды толықтырады. Мысалы, адам бес уақыт намаз оқиды делік немесе жыл сайын зекет төлейді және т.б. Мүмкін, дәл осы амалдарда ол толық шынайылық танытпайды. Сол секілді, иман мәселесінде, адам өзінің иманы жайлы қанша айтса да, оның ішкі жан дүниесі сөздеріне сәйкес келмеуі мүмкін. Осы кезде Ихсан ұстанымы қажет. Себебі, Ихсанды меңгерген адам, жалғыз болса да, адамдар арасында болса да Аллаға толық мойынұсынуды үйреніп, оның ішкі дүниесі де, сыртқы бейнесі де ізгілікке толы болады.

Бұл туралы ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы «Ихсан – тәрбие негізі» атты мақаласында былай деп жазады: «Жаратушы иеміз күллі жаратылысты ешқандай ақаусыз, кемшіліксіз жаратты. Барша жаратылыс иесі ең әдемі, ең көркем бейнеде жаратылған. Осыдан-ақ адам баласы ғибрат алып, түсінуі қажет. Егер адам баласы ихсан ілімінің шынайы болмысын түсінсе, рухани құндылығы артып, иман байлығына күмәнсіз жетер еді».

Ихсан ілімін меңгерген мұсылмандар кемелдікке ұмтылады. Олар өздерін әрдайым және барлық жерде Алланың назарында жүргендерін түсінеді. Олардың өмірінің ең маңызды мақсаты – Аллаға толық әрі кемел түрде құлшылық ету болып табылады. Сол себепті, олар өздерінің құлшылықтары мен ғибадаттарын көркем түрде орындауға ұмтылады, сондай-ақ ізгілікке толы ғұмыр кешіп, жақсылық жасауға бар күшін салады, өзге адамдарға көмектеседі.

Бұл туралы Құранда көптеген аяттар бар, солардың кейбіреулерін келтірсек:

«Алла жолында мал сарып қылыңдар. (Сараң қорқақ болып) өздеріңді өз қолдарыңмен қауіп-қатерге салмаңдар. Жақсылық істеңдер. Шын мәнінде Алла игілік істеушілерді жақсы көреді» («Бақара» сүресі, 195-ші аят).

«Олар кеңшілікте, таршылықта Алла жолында мал сарып қылғандар. Сондай-ақ олар ашуларын жеңушілер, адамдарды кешірім етушілер. Алла (Т.) жақсылық істеушілерді сүйеді» («Әли Имран» сүресі, 134-ші аят).

«Сондай-ақ иман келтіріп, салиқалы іс істегендердің сауапты жақсы амалдарының еңбегін жоймаймыз» («Кәһф» сүресі, 30-шы аят).

Көріп отырғанымыздай, ихсан – Аллаға деген шынайы сүйіспеншілікті, Алла жолындағы адалдық пен жасалған салиқалы амалдарды білдіреді. Екі дүние сардары (с.ғ.с.) бізге мұны сөздерімен ғана үйретіп қоймай, ісімен де көрсетіп кетті. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) көрсеткен асыл үлгілердің бірі – Алла елшісінің (с.ғ.с.) меккеліктерді толық және сөзсіз кешіруі.

Жоғарыда, ихсан дегеніміз – Алланы көріп тұрғаныңдай оған кұлшылық етуің, егер олай істей алмасаң, Алла сені көріп тұрғанын сезініп құлшылық етуің деп айттық. Осы сөздерімізге қатысты көптеген ғибратты оқиғалар мен қиссалар бар. Соның біріне назар аударсақ.

Бір ұстаздың көптеген шәкірттері болса да, бір шәкіртін басқаларынан ерекше көріп, мейірімін көбірек бөлген деседі. Осыны байқаған өзге шәкірттері ұстаздарына келіп, себебін сұрайды. Ұстаздары бұл сұрақтың жауабын бермес бұрын, келесі сабаққа бір-бір тауық сойып әкелу туралы тапсырма бере отырып:

 ─ Тек бір шартым бар, тауықты сойып жатқандарыңды ешкім көрмейтін болсын, деп айтады.

Келесі күні барлық шәкірттер бір-бір сойылған тауық әкеледі, ал ұстазының сүйікті шәкірті тірі тауықпен келеді. Оның бұл әрекеті қалған шәкірттерін күлдіреді. Ұстазының тауықты неге сойып әкелмедің деген сұрағына шәкірті:

─ Сіз ешкім көрмейтіндей етіп сойып әкеліңдер деп айттыңыз. Қанша ойлансам да, Алла мені көрмейтін жерді таба алмадым, деп жауап берген екен.

Сол кезде ұстазы қалған шәкірттеріне:

─ Сұрақтарыңның жауабын алған шығарсыңдар, – деп айтқан деседі.

Бұл оқиғадан шығатыны, кез-келген адам баласы Алла Тағаланың оны әрдайым көріп, естіп, оның барлық ісінен хабардар екендігін ұмытпауы тиіс.

Алла баршамыздың ықылас-ниетімізді арттырып, құлшылықтарымызды кемел әрі бүтін етсін! Алла баршамызға ихсан ілімінің дәмін сездірсін деп тілейік! Әмин!

                                                                                     Саламат Түгелбайұлы,

                                                       Баянды ауылдық мешітінің имамы

Tags

Ұқсас жазбалар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button
Close