Мақалалар

Һұд пайғамбар (а.с.) және Ад қауымы

بسم الله الرحمن الرحيم

Барлық мақтау бүкіл әлемдердің Жаратушысы Аллаға тән. Оның игілігі мен сәлемі екі дүниенің сардары, көзіміздің нұры, адамзаттың асыл тәжі пайғамбарымыз Мұхаммедке және оның отбасына және де қияметке дейін оның артынан ізгілікте еруші үмметіне болғай!

Алла Тағаланың пайғамбарлары мен елшілерінің қатарында құрметті орындардың бірі Һұд пайғамбарға (а.с.) тиесілі екені сөзсіз. Һұд (а.с.) – Нұх пайғамбардың (а.с.) ұрпағы. Топан судан кейін, Нұхтан (а.с.) бөлек, оның үш ұлы тірі қалған. Олар: Сам, Хам және Яфәс. Һұд (а.с.) Нұхтың ұлы Самның ұрпағы. Һұд пайғамбардың (а.с.) шын аты – Амир ибн Абдулла. Һұд деген адамдар арасында танылған есімі. Құранда осы Һұд (а.с.) атымен аталған.

Қасиетті Құран Кәрімде Һұд пайғамбардың (а.с) есімі жеті жерде кездеседі: «Ағраф» сүресінде – 1 рет, «Һуд» сүресінде – 5 рет, «Шұғара» сүресінде – 1 рет.

Ислам дінінің тарихына үңілсек, біздің заманымызға дейін екі Ад қауымы болған. Біріншісі – Ад Ула, екіншісі – Ад Сәни (яғни, екінші Ад деген мағынаны береді). Һұд (а.с.) – Алла тарапынан Ад Ула тайпасына ескертуші ретінде жіберілген пайғамбар. Кейбір деректер бойынша, Ад қауымы қазіргі Йемен мемлекетінің аумағында «әл-Ахқаф» (аудармасы құмды таулар) деген жерде өмір сүрген.

Ад халқының адамдары ұзын бойлы, мықты болып, ұзақ өмір сүрген. Риуаяттарға үңілсек, Ад тайпасының адамдарының бойы 30 метрден жоғары, тіпті кейбірінің бойы 60 метрден асқан деседі. Олар қиыншылықтарды көрмегендіктен, өздерінің бастарына қонған дәулет пен бойларына біткен күш-қуатты Алланың сыйы ретінде қабылдаудан қалып, хақ жолдан алыстап, пұттарға табына бастаған. «Бізге ешкім ештеңе жасай алмайды және біз секілді дене пішімі қуатты адамдар жоқ, біз өзіміздің білгенімізді жасаймыз», – деу арқылы Ад қауымы Аллаға күпірлік танытады.

Осы кезде Алла Тағала оларға Һұд пайғамбарды (а.с.) жібереді. Бұл туралы қасиетті Құранда былай деп баяндалады: «Ад еліне елші етіп бауырлары Һұдты жібердік» [1], – дейді.

Һұдқа (а.с.) пайғамбарлық келісімен, дереу іске көшіп, елін тура жолға шақырады. Ол еліне: «Уа, халқым! Аллаһ Тағалаға құлшылық қылыңдар. Одан өзге ешбір құдай жоқ. Серік қосып, Хақ тағалаға жала жабудасыңдар» [1], – дейді.

Һұд пайғамбардың (а.с.) екінші насихаты жайында Құранда: «Ей, елім! Раббыларыңнан кешірім сұраңдар, онан соң оған тәубе қылыңдар» [2], – деп айтылады.

Бұдан кейін, Һұд (а.с.) халқына: «Раббыларыңа оралыңдар! Шын беріліп құл болыңдар!», – деп тағы бір мәрте ескерту жасаған екен.

Жоғарыда келтірілген үш ескертуде терең тәрбиелік мән жатыр. Осы үш нәрсе құлшылықтың негізі болып табылады. Талдап көрейік:

Бірінші ескертуі арқылы, Һұд пайғамбар (а.с.) Аллаға ғана құл болып, Аллаға Тағалаға ғана құлшылық етуге шақырады.

Екінші ескертуінде, Алладан кешірім сұрауды насихаттайды. Яғни, пенде өзінің біліп-білмей, жария-жасырын жасаған күнәлары үшін кешірім сұрап отыруы тиіс.

Үшіншісіне келсек, ол – Алла жолындағы табандылық және Аллаға тәуекел ету болып табылады.

Осы үш нәрсе бір елдің, бір қауымның ұстанымында болатын болса, ол елдің тұғыры бекем, шаңырағы берекелі болары сөзсіз. Алла Тағала Һұд пайғамбардың (а.с) тілімен былай деп бұйырады: «Ол сендерге аспаннан құт жаңбыр жаудырып, әл-қуаттарыңды күшейте түседі. Күнәлі болып бас тартпаңдар» [2]. Аталмыш аят арқылы, Ад қауымына Аллаға құлшылық жасап, күнәлары үшін кешірім сұрап, тәубе ету арқылы үлкен жетістікке жету жолын көрсетілді.

Өкінішке орай, Ад тайпасы бұл нұсқаулықты елемей: «Ей, Һұд! Сен бізге ашық дәлел келтірмедің. Ендеше, сенің мына құрғақ сөздеріңе бола саған иман келтіріп, атабабаларымыздан қалған пұттардан бас тарта алмаймыз» [3], деп, кейіннен: «Ей, Һұд! Біз саған пәлен демейміз. Сен біздің арамызда туып өскендіктен, өзіңді жақсы білеміз. Бірақ қанша уақыттан бері ақылға қонбайтын нәрселер айтып, елдің басын қатырдың. Шамасы пұттардың киесі сені ұрды-ау», деп айтады.

Сол кезде Һұд (а.с): «Сөзсіз мен Алла Тағаланы куәлік етемін және сендер де куә болыңдар! Мен сендердің серік қосып жатырған мына пұттарыңнан алыспын. Мен оларға құлшылық жасамаймын. Осы мүсіндеріңмен қосылып маған қарсы тұрып, қолдарыңнан келгендеріңді істеңдер, аянбаңдар», деп айтады. Бұл сөздері арқылы Һұд (а.с) Алладан басқа зиян да, пайда да әкелетін өзге құдай жоқ екенін түсіндіргісі келген байқаймыз. Сөзін жалғастыра отырып Һұд (а.с.): «Расында мен, менің Раббым әрі сендердің Раббыларың Аллаға тәуекел еттім» [4], деп айтады.

Бұл оқиғаның соңында, иман келтірмеген Ад қауымының Алла өте қорқынышты жаза жібереді. Ад тайпасына тиесілі барлық құнарлы жерлерді құрғақшылық басады. Олар сол кезде де иман келтіріп, хақ жолына түспейді. Бұдан кейін Алла Тағала жеті күн, сегіз түн жалғасқан үлкен дауыл жібереді. Ең соңында Ад қауымының көбі қырылып, бірде-бір пұтқа табынушы тірі қалмайды. Бұл апаттан тек Һұд пайғамбар (а.с.) мен Аллаға иман келтірген азын-аулақ адам аман қалған деседі. Ад қауымының тарихы осымен тәмам болып, олар өмір сүрген жерлер шөл далаға айналған екен.

Бұл оқиғадан түсінетініміз – Алланың қаһарынан құтылудың бірден-бір жолы – шынайы иман келтіріп, сондай-ақ пайғамбарлар жолымен жүруіміз екен. Біз Һұд (а.с.) мен оның қауымының басынан кешірген зұлматынан ғибрат алып алуымыз қажет. Алла разылығын ниет етіп, бар ықыласпен құлшылық жасап, шынайы кешірім сұрап, тәубе етуіміз керек. Сол кезде ғана, Алланың қалауымен, екі дүние азабынан аман боламыз.

Алла өмірімізді мәнді етіп, ғұмырымыздың соңын хайырлы етсін! Алла Тағала баршамыздан разы болып, сүйікті құлдарының қатарынан болуды нәсіп еткей.

Асга Юнус Қадырқұлұлы,

Маңғыстау облысы, Жаңаөзен қаласы

«Әбіш қожа» орталық мешітінің бас имамы

Пайдаланылған әдебиеттер:

[1] «Һұд» сүресі, 50-ші аят.

[2] «Һұд» сүресі, 52-ші аят.

[3] «Һұд» сүресі, 53-ші аят.

[4] «Һұд» сүресі, 56-шы аят.

Ұқсас жазбалар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button
Close