Ғибратты әңгімелер

Жамал апамыздың өсиеттері

Аналар көп, ел анасы, аналардың анасы атануға лайық жан аз. Сол аздың бірі һәм бірегейі – күні кеше арамыздан өтіп, нұрлы жүзі естен кетпейтіндей із қалдырған апамыз Жамал Әбілазимова еді.

Бүгін – 2 наурыз күні, ақ жүректі апамыз ортамызда болғанда 80 жасқа аяқ басар еді. «Жазмыштан озмыш жоқ». Дегенмен аяулы апамыз көзден кетсе де, оның бейнесін көңілінен таса қылмайтын ұрпақтары, замандастары, ең бастысы халқы бар. Ақ жүректі Жамал апамыздың артында қалған негізгі өсиеттерін назарларыңызға ұсынамыз.

Намаздарыңа берік болыңдар

Жамал апамыз, бес уақыт намазын қаза қылмай, оразасын ұстап, зекетін уақытылы беріп, үнемі асыл дінімізді ардақтаған аяулы жан еді. Сол себепті үнемі балаларына «намаздарыңа берік болыңдар» деп айтатын болған.

Бауырларыңмен (туыстарыңмен) арақатынасты үзбеңдер

Құранда: «… Алладан қорқыңдар, туыстық байланысты үзуден сақтаныңдар. Күдіксіз, Алла сендерді бақылап тұрушы», («Ниса» сүресі, 1-ші аят) деп айтылған.

Құран аяттары және ардақты пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадистерінде айтылған өнегені терең меңгерген Жамал апамыз туыстық қарым-қатынасты бекем ұстанған.

Күйеулеріңді құрметтеңдер

Жамал апа 16 жасында өзі секілді жасынан қиындықты көп көрген Аблазимов Нұғман атты жігітпен шаңырақ көтерді. Құранда: «Иманды ерлер мен иманды әйелдер – бір-біріне қамқоршы», – деп айтылғандай («Тәубе» сүресі, 71-ші аят), екеуі бір-біріне көмекші, қамқор болып, тату-тәтті өмір сүрді. Осынау берекелі шаңырақта 10 бала: 6 ұл, 4 қыз дүниеге келді.

Ширек ғасыр – 26 жылға созылған жұбайылық өмірінде Жамал апамыз әрдайым Нұғман атамыздың көңіліне қарап, разылығын іздеген. Яғни, әйелінің күйеуіне бойұсынуын – бақытты отбасылық өмірдің бір негізі санаған.

Ешкімнің ала жібін аттамаңдар

Жамал апа үнемі Алланы аузынан тастамайтын, барлығы Алладан деп отыратын, шүкіршіл жан еді. Нұғман атамыз секілді балаларын тек адал аспен қоректендіруді мақсат тұтқан қайсар анамыз өмірлік жолдасынан айрылғаннан кейін нан зауытына жұмысқа тұрады. Апамыздың адалдығы мен тектілігі соншалықты, нан зауытында жұмыс істеген 8 жыл ішінде үйіне бірде-бір рет қойынбасты нан алып келмеген екен.

Ешқашан «жоқ» демеңдер

Жетімдік пен жесірліктің зарын өзі де татқан Жамал апа өмірінің соңына дейін мұқтаждарға көмек қолын созып өтті. Көптеген қайырымдылық шаралардың басынан табылып, бойындағы жомарттығын, мейірімділігі мен қамқорлығын көрсетіп жүрді. Жығылғанға сүйеу, панасызға қорған болды. Ел ішіндегі жесірді қаңғытпай, жетімді жылатпай, өзіндегі бармен бөлісіп, мейірім құшағын жая білді.

Осыған байланысты, балалары мен немерелеріне де өсиет ретінде: «ешқашан жоқ демеңдер», деген сөзді қалдыруы да тегін емес.

Тарихшы Шайдарбек Әшімұлы ағамыз «Жамал ана» атты мақаласында:

«Бүгінде қазақтың Бибіпатымасы деуге тұрарлық, кешегі Домалақ ана, Қарашаш, Ұлпан, Зере сынды дана ғой, зеректе, көреген, бүкіл елдің намысын арқалауға жаратылғандай алып жүрек аналарымыздың ізбасарлары арамызда әлі де бар екені қуантады. Ұрпағының ғана емес, ұлт тұтастығының бірдей жан-тәнімен бәріне күш қуатын жұмсап, көңілінің шуағын бар жоққа бірдей төгіп келе жатқан асыл аналарымыздың бірі – бүгінде есімі көпке ортақ Жамал апа атанған Бибіжамал Мәлікқызы», – деп жазуының өзі, апамыздың тұлғалық бейнесін толық ашып тұрғандай.

Қолында барымен баянды істерге әрекет жасап, халықтың рухани көкірегін ашып, болмысын байытуда көл-көсір көмегін аямаған Жамал апамыздың өмірі баршамызға үлгі болуы тиіс деп есептеймін.

Алла апамызды рақымына бөлек, Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) шапағатын нәсіп етсін деп тілейік! Әмин!

Әнуар қажы Ізімбайұлы,

ҚМДБ-ның Маңғыстау облысы бойынша Бас имамы

Ұқсас жазбалар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button
Close